Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты күдіктілер анықталды

Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты күдіктілер анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қорғаныс министрлігі жүйесінің бес лауазымды тұлғасы ұсталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы ІІМ мәліметінше, оқиға орны қаралып, 30-дан астам әскери қызметші жауап берді. Құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленді. 12 сараптама тағайындалды.

14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты Қорғаныс министрлігінің бес қызметкері ұсталды. Олар қызметіне салғырт қарады және ауыр зардаптарға әкеп соққан кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікке ілінді.

Ұсталғандар қатарында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының штаб бастығы – бірінші орынбасары, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскерлері ротасының және катер командирлері бар.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, олар Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Мамандар «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуын дайындау және өткізу кезінде шешімдерді кім және қалай қабылдағанын, қауіпсіздік талаптарының қаншалықты сақталғанын, сондай-ақ катердің техникалық жағдайын зерделеуде.

Тергеу Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша жүргізіліп жатыр. Іс Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ерекше бақылауында.

Еске салайық, ресми нұсқаға сәйкес, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында, Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде өткен оқу-жаттығу кезінде қолайсыз метеорологиялық жағдайда «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру барысында 17 әскери қызметшіні теңіз ағызып әкеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 адам қаза тапты.