«Мектепке – тағзым»: Аққулы ауданы мектебінде түлектер сыйлық тарту етті
Салтанатты кешке әр жылдары мектеп бітірген түлектер жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгінде түрлі қызметте еңбек етіп жүрген азаматтар «Мектепке тағзым» акциясы аясында Жабағылы негізгі білім беру мектебіне үш сыныпқа парталар жиынтығын сыйлады. Осылайша өздері алтын ұя білім ордасының материалдық-техникалық базасының жабдықталуына үлес қосты. Сонымен қатар, қаржылай сертификат, интерактивті тақта, музыкалық баған тарту етті.
– Биыл біздің мектеп бітіргенімізге 40 жыл болды. Ең көп оқушылар біздің сыныпта болатын. Бүгін қайтадан оқушылар сияқты келіп отырмыз. «Туған жерге туыңды тік» демекші, өзіміз білім алған алтын ұямызда қаншама қызықты сәттер өтті. Арада қанша жыл өткеннен кейін бәріміз бас қосып, балалық шағымызды еске алдық, – дейді Толқын Кішкентаева.
Жабағылы негізгі білім беру мектебі 1965 жылы сегіз жылдық мектеп болып ашылған. Қазақ халқының ұлттық өнерін, салт-дәстүрін дәріптеуге үйрету, оқушылардың танымдық және шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын, шеберлігін дамытуға бағытталған «Жаны жайсаң жеңгелер» клубы жұмыс істейді. Биыл «Аққу» жобасы бойынша өткен облыстық байқауда 5-сынып оқушысы Ақерке Балтабай екінші дәрежелі дипломмен марапатталған.