Павлодар мен Омбы театрлары сахна алмастырады
Екі өңір театр ұжымдарының өзара гастролін биыл ұйымдастыру туралы уағдаласты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс: достық өзені – даму өзені» II халықаралық форумында Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко Павлодар мен Омбы арасындағы мәдени байланысты кеңейту жоспарларын таныстырды. Оның айтуынша, бұл мәселе Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановпен талқыланған.
Алғашқы бағыттардың бірі – театр ұжымдарының алмасуы. Омбы тарапы павлодарлық театрды халықаралық «Достоевский. Омск» фестиваліне шақырды.
– Асайын Қуандықұлымен театр ұжымдарын жақын арада алмастыру туралы келістік. Павлодар театрын күзде өтетін «Достоевский. Омск» фестиваліне шақырамыз. Біз де павлодарлық көрерменнің көңілінен шығатын спектакль таңдап, биыл өз труппамызды сіздерге жібереміз, – деді Виталий Хоценко.
«Достоевский. Омск» халықаралық театр фестивалі 11-17 қараша аралығында Омбы мемлекеттік «Галёрка» драма театрында өтеді. Биылғы бағдарламаға Федор Достоевскийдің шығармалары бойынша қойылған спектакльдер енгізілген. Фестивальге Ресеймен қатар басқа елдердің театрлары да шақырылған.
Павлодар мен Омбы арасындағы мәдени ынтымақтастық театрмен шектелмейді. Виталий Хоценконың айтуынша, бесінші жыл қатарынан Омбы мен Қазақстанның жас музыканттары мен бишілерінің фестивалі өтіп келеді. Ал омбылық және павлодарлық суретшілер қатысатын «На одной реке» көрме жобасына биыл үш жыл толды.
Омбы тарапы қазақстандық дизайнерлерді, суретшілер мен қолөнер шеберлерін жаңа креативті жәрмеңкеге тегін қатысуға да шақырды. Сонымен бірге екі өңір арасында музыкалық фестивальдер, көрмелер, жастардың шығармашылық алмасуы және басқа да мәдени жобаларды бірлесіп өткізу ұсынылды.