Мектепке жол: 450 мың мұқтаж отбасы балаларына көмек көрсетілді
Биыл «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында көмекке мұқтаж жандардың балаларын оқу жылына дайындау бойынша қолдау көрсетілді. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
– Биыл жаңа оқу жылында республика бойынша оқушылар саны 3 млн 500 мыңнан асады. Оның ішінде 380 000 мыңнан астам бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданып жатыр. Қазіргі уақытта ел Үкіметі, министрлік, әкімдіктер, білім беру ұйымдары, педагогтер мен ата-аналар жаңа оқу жылына қызу дайындық үстінде. Мемлекет өз тарапынан жыл сайын мұқтаж ата-аналарға балаларын мектепке дайындау үшін барынша көмек көрсетіп жатқанын атап өткен жөн. Биыл осы санаттағы 450 мың балаға көмек көрсетілді, – деді Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Еділ Оспан.
Министр орынбасарының айтуынша, ведомство алдында мұқтаж отбасыларға қаржылай көмек көрсету және балалардың білім алу құқығын 100% қамтамасыз ету міндеті тұр.
– Бізде жалпыға бірдей білім беру қоры жұмыс істейді. Мәселен, биыл қордан оқушылар үшін мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға 18,7 млрд теңге бөлінеді. Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында атаулы әлеуметтік көмек ата-ана қамқорлығынан айырылған, жетім балалар мен жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және әлеуметтік көмекке құқылы отбасыларға беріледі, – дейді ол.