Павлодарда жылу электр орталығының негізгі жабдықтары жаңартылды

Павлодарда жылу электр орталығының негізгі жабдықтары жаңартылды
Фото: gov.kz

Жылыту маусымына дайындық аясында үш қазандық агрегаты, екі турбоагрегат және бір түтін мұржасы күрделі жөндеуден өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті еліміздің энергетикалық нысандарындағы жөндеу жұмыстарының барысын бақылауды жалғастырып жатыр. Негізгі назар жұмыстардың уақытылы аяқталуына, жабдықтардың техникалық жағдайына және тұтынушыларды энергиямен тұрақты қамтамасыз етуге аударылған.

Жүйелік оператордың жоспарына сәйкес, биыл еліміздің электр станцияларында тоғыз энергоблокқа, 55 қазандық агрегатына және 51 турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Қазіргі уақытта сегіз энергоблок, 49 қазандық агрегаты және 32 турбоагрегат жөндеуден өтті.

Ал «Павлодарэнерго» АҚ құрамындағы Павлодар ЖЭО-3 станциясында жөндеу жұмыстары жоспарға сай толық аяқталды. Атап айтқанда, №1, 3 және 5 қазандық агрегаттары, №3 және 5 турбоагрегаттары күрделі жөндеуден өтіп, №1 түтін мұржасы жөнделді.

Қазір станцияда бес қазандық агрегаты мен бес турбоагрегат жұмыс істеп тұр. Олар тұтынушыларға жылу және электр энергиясын өндіруде.

Жөндеу жұмыстарының аяқталуы станция жабдықтарының сенімділігін арттырып, 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымында тұтынушыларды жылу және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кетелік, Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында жаңа электр станцияларын салу және қолданыстағы электр станциялары мен электр беру желілерін жаңғырту қажеттігі атап өтілді.