Мемлекет басшысы Пасха мерекесімен құттықтады

Биыл Пасханы дүние жүзіндегі православ, католик және протестант қауымы бір күнде атап өтіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
– Құрметті отандастар! Елімізде тұратын барша христиандарды Пасха мерекесімен құттықтаймын! Бұл жарқын мейрам жұртты рухани тазарып, жаңаруға үндейді. Діндар адамдарға үміт сыйлап, оларды қуанышқа бөлейді. Биыл Пасханы дүние жүзіндегі православ, католик және протестант қауымы бір күнде атап өтіп жатыр. Мұның символдық мәні зор, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент басқа діндермен қатар христиан діні де қоғамымызда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Ежелден биік гуманистік идеалдарды дәріптеп келе жатқан пасха дәстүрлері отбасылық құндылықтарды сақтауға және халқымыздың ынтымағын арттыруға ықпал етеді, азаматтарымызды мейірімділік пен келісімге шақырады. Пасха мерекесі әр шаңырақты махаббат пен шаттыққа кенелтсін! Еліміздің әр азаматына зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жалпыұлттық бірлік, барша этнос пен конфессия өкілдері арасындағы татулық пен өзара түсіністік қашан да Қазақстанның тұрақты өсіп-өркендеуінің мызғымас тұғыры болып қала береді деп сенім білдірді.