Мемлекет басшысы Павлодар облысының тұрғындарына алғысын білдірді

Мемлекет басшысы Павлодар облысының тұрғындарына алғысын білдірді
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңға қолдау көрсеткені үшін шынайы ризашылығын білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі aqorda_resmi сайтына сілтеме жасап.

Ақордада Ата Заң қабылдануына арналған салтанатты шара өтті. 

– Бұл референдум берекелі бірлік пен ырысты ынтымағымыздың тағы бір өнегелі көрінісі және нышаны болды. Біз халқымызға тән нағыз отаншылдық рухын сезіндік, олардың риясыз қолдауына куә болдық. Мемлекет тағдырына бей-жай қарамай, дауыс беру науқанына атсалысқан барша азаматқа зор алғыс айтамын, – деді Президент. 

Ол ұлт мүддесін терең түсініп, Ата заңды қолдап, дауыс беруді тарихи миссия санаған жұртшылыққа шынайы ризашылығын білдірді. Бұл орайда, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстарының және басқа да аймақтардың Ата заңды мақұлдап, дауыс берген тұрғындарына алғысын жеткізді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заң – мемлекет мүддесінің болаттай берік қалқаны екенін атап өтті. Конституциямыздың ең басты мақсаттары – жеріміздің тұтастығын, еліміздің Тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, қоғамдық әділет пен заң үстемдігін нығайтуға кепілдік беру, сондай-ақ білім, ғылым, инновация мен мәдениетті дамыту, тазалықты дәріптеп, табиғатты қорғауды қамтамасыз ету.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ресми мәліметіне сәйкес, Павлодар облысы жаңа Конституцияны қолдаған сайлаушылар саны бойынша Қазақстан өңірлері арасында бірінші орында (94,14%).