Павлодарлықтар қандай кітаптарды сүйіп оқиды?

Облыстық кітапхананың қорында жарты миллионға жуық кітап бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапхана басшысының орынбасары Баршагүл Байжанова оқырмандардың көбі студенттер екенін атап өтті. Олар өздерінің сабақтарына, зерттеу жұмыстарына, еңбектеріне байланысты тіл, әдебиет, тарих, психология кітаптарын жиі сұрайтын көрінеді. Зейнеткерлер көбінесе көркем әдебиетті үйге алып кетіп оқиды.
– Көркем әдебиетке деген сұраныс бар. Жылдан-жылға сұранысқа ие кітаптардың қатарына Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Мұхтар Мағауиннің «Көк мұңар», Ахмет Байтұрсыновтың кітаптары мен тарихи романдар жатады, – дейді Баршагүл Байжанова.
Кітапхана қызметкерлері 2025 жылы ең көп оқуға алынған ТОП-10 кітаптар тізімімен бөлісті:
- К.Тоқаев. Шығармалары 5 томдық.
- С. Сматаев «Елім-ай».
- А.Сейдімбек. Шығармалары.
- М.Рәш «Кері тартқанды бері тарт».
- Ғ.Жандыбаев «Талантқа – талғам таразы».
- В.Колычев «Белая волчица».
- А.Дышев «Война красива и нежна».
- В.Доценко «Награда Бешеного».
- 9. Ф.Фиджеральд «Последний магнат».
- В.Скотт «Пуританин».
– Павлодарлықтар оқуды ұнататын Софы Сматаевтың «Елім-ай» роман-трилогиясында хандар мен сұлтандардың, билер мен батырлардың, тарихи дәуір, тарихи тұлғалар болмысы, халық өміріндегі ауыр кезеңнің шындық оқиғалары сипатталады. Аякөзде болған ұрыстың ұзын-ырғасы суреттелмей, ол туралы жұртшылық санасындағы ұғым-түсінік, тарихи баға көрсетіледі, – дейді кітапхана қызметкері.
Айта кетейік, облысотық кітапхананың қорында 462 765 кітап бар, оның ішінде қазақ тіліндегі қор 101 294 кітапты құрайды.
2024 жылы 39 071 адам кітапханадан кітап алып оқыса, 104 628 адам вертуальды кітапхананың қорын пайдаланған. Ал 2025 жылдың қаңтар айында 2631 адам келіп кітап алса, вертуальды кітапханаға 4500 адам кіріп, кітап оқыған.