Миокард инфарктінен 40 жасқа толмаған жігіттер қайтыс болып жатыр - кардиолог
Миокард инфарктімен 50 жасқа дейінгі ер адамдар әйелдерге қарағанда бес есе, 60 жастан асқаннан кейін екі есе көп ауырады. Мамандар бұл қатерлі дерттің «жасарып» бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Сырқаттардың орташа жасы – 40-60 аралығында. Солтүстік Қазақстан облысы көп бейінді аурухана Кардиологиялық орталығының бөлім меңгерушісі Тамара Захарова ҚазАқпарат тілшісіне миокард инфаркті жайында, оның белгілері мен дерттің алдын алу жайында айтып берді.
СҚО Кардиологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі Тамара Захарованың айтуынша, 2021 жылы өңірде жіті миокард инфарктімен 718 сырқат алғаш жүгінген. Былтыр 786 адамға алғаш рет осы диагноз қойылды.
«Ауырғандардың 20% қайтыс болады, олардың 60-70% алғашқы екі сағат ішінде дүниеден өтеді. Ауруханаға түскендердің 10% көз жұмады. Бұл дертте алғашқы көмектің маңызы зор, сол себепті бұл аурудың белгілері туралы және алғашқы көмек көрсете білудің маңызы зор. Тағы бір ескеретін жайт, миокард инфарктімен ер адамдар әйелдерге қарағанда 50 жасқа дейін бес, ал 60 жастан кейін екі есе жиі ауырады. Соңғы жылдары бұл дерттен 40 жасқа жетпеген жігіттер қайтыс болып жатыр, бұл – алаңдатарлық жағдай», - дейді Тамара Захарова.
Дәрігердің айтуынша, миокард инфарктісі – жүректің ишемиялық ауруының ауыр түрі. Жүрек бұлшықетінде некроз дамып, коронарлық қан айналымы бұзылады. Яғни, жүрек бұлшықетінің бір бөлігі қанның дұрыс жеткізілмеуінен өледі. Ол ойда-жоқта пайда болмайды, біртіндеп дамиды.
«Миокард инфарктісінің пайда болуына көп жағдайда жүрекке қан апаратын тамырларда атеросклероздың болуы. Жасы 60-тан асқан адамдардың 90% атеросклерозбен ауырады. Ал қазіргі жағдайда бұл дерт 25-35 жастағыларда да кездеседі. Гипертониялық ауруы барлар миокард инфарктісін алады. Сырқаттардың 26-35% гипертониялық ауру болған. Жүйке-психикалық стресс, шамадан тыс физикалық жүктеме, қан ұюының жоғарылауы, коронарлық артерия тромбозы – мұның бәрі дертке әкелуі мүмкін. Жалпы аз қозғалатындар, көлікпен жүріп, теледидар алдынан шықпайтындар, семіздікке ұрынғандар қатер тобында тұр. Дүниежүзілік денсаулық ұйымының мәліметінше, әйелдердің 50% астамы, ерлердің 30% астамы, балалардың 15% астамы артық салмақтан зардап шегеді. Семіз адамдар орта есеппен 10 жылға аз өмір сүреді», - дейді кардиолог.
Маманның айтуынша, темекі шегетіндерде миокард инфарктісінің ықтималдығы темекі шекпейтіндерге қарағанда 6-12 есе көп. Дерттен қайтыс болғандардың 50% алкоголь тұтынған. 40 жасқа дейін көз жұматындардың басым бөлігі спирттік ішімдіктерді шамадан тыс пайдаланған. Ал тұқым қуалау 25% жағдайда әсер етеді. Қант диабетінің де әсері жоғары.
«Миокард инфарктісінің негізгі белгісі - ауырсыну. Дененің сол жағы қысып, басып, жаншып ауырады. Стенокардиядан айырмашылығы, ауырсыну қарқынды, ұзағырақ - 30-40 минут немесе одан да көп болады. Нитроглицеринмен тоқтату мүмкін емес. Әдетте, егде жастағы адамдарда ентігу, тұншығу, әлсіздік және суық, жабысқақ тер пайда болады. Тіпті, кейде сол жақ мойын мен тіс те ауырады.
Сондай-ақ тағы бір белгісі – өлімнен қорқу, сырқаттар «өлген жерім осы шығар деп ойладым» деп айтады. Олар қозғалудан қорқады немесе керісінше, байыз таппай, ауырып ыңқылдайды. Жалпы әлсіздік, терінің бозаруы, еріннің көгеруі, мазасыздық, жүрек айнуы, құсу, ықылық атып, кекіру, іштің күрт ісінуі, аурудың арқаға берілуі немесе кейде тіпті, белгілері де болмауы мүмкін, оны тану қиын, көбінесе ЭКГ мәліметтері бойынша диагноз қойылады», - дейді кардиолог.
Миокард инфарктісі асқынбаған жағдайда науқасты тыныштандырып, аспирин беруге болады. Ең бастысы – жедел түрде ауруханаға жеткізу.
Жіті миокард инфарктісі 2 күннен 14 күнге дейін созылуы мүмкін.
«Бастапқы профилактика - саламатты өмір салты. Дене белсенділігін арттыру, таңертең дене жаттығуын жасап, жүгіру. Жүйке күйзелісіне жол бермеу, жанжалдың алдын алу, психотерапия, жағымды эмоциялар алу. Темекі шегуден бас тарту. Шамадан тыс жүктемелердің алдын алу және еңбек және демалыс режимін сақтау. Рационалды тамақтану. Салмақты бақылауда ұстап отыру. Жүрек ауруы болған жағдайда майлы ет тағамдарынан, табиғи кофеден, май майынан, шоколад, кәмпит, кондитерлік өнімдерден, жұмыртқаның сарысынан, түрлі дәмдеуіштерден, шұжық өнімдерінен және темекі мен спирттік ішімдіктерден бас тартқан жөн. Ал егер ойда-жоқта инфаркт болған жағдайда терезелерді ашыңыз, отырып, мойыныңызды босатыңыз. Тіл астына нитроглицерин таблеткасын салыңыз, оны әр 5 минут сайын 3 реттен қана қабылдауға болады. Ұнтақталған аспирин таблеткасын қабылдауға болады. Қан қысымын өлшеңіз, егер ол жоғарыласа, оны төмендету үшін шаралар қолданыңыз», - дейді Тамара Захарова.