Павлодар ауданында жасөспірімге темекі сатқан сатушының басы дауға қалды

Материал сотқа қарау үшін жіберілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы аясында Павлодар ауданындағы дүкендердің бірінде сатушы сатып алушының жасын сұрамастан кәмелетке толмаған адамға бір қорап темекі сатқанын анықтаған. Сатушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Сондай-ақ, Павлодар қаласында жасөспірім Ак. Шөкин көшесі бойындағы үйдің кіреберісінде лифт дисплейін жұдырығымен сындырған. Ұлды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
– «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасы басталғаннан бері полицияға әртүрлі бұзушылықтар үшін 158 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 101-і түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс болған, – дейді департаментте.
Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеумен тиісті деңгейде айналыспайтын 29 ата-анаға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Кәмелетке толмағандарға темекі бұйымдарын сатқаны үшін – 3, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болғаны үшін 6 заңды өкіл жазаланған.