Павлодар ауданындағы екі мектепте жаңа модульді қазандықтар іске қосылды

Павлодар ауданындағы екі мектепте жаңа модульді қазандықтар іске қосылды
Фото: Аудан әкімдігінен

Шақат және Кемеңгер ауылдарындағы білім беру нысандары жаңа жылыту жүйесіне көшті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар ауданы әкімдігінің мәлімдеуінеше, биыл жергілікті бюджеттен екі модульдік қазандық салуға 126 миллион теңге бөлініп, Шақат және Кемеңгер жалпы орта білім беру мектептерінде модульді қазандықтар орнатылды. Бұған дейін екі білім ошағында электрмен жылыту жүйесі қолданылған. Алайда оның тиімділігі төмен болғандықтан, мектептерді тұрақты әрі үнемді жылумен қамтамасыз ету мақсатында жаңа қазандықтар орнату туралы шешім қабылданған.

Шақат мектебіндегі жылыту жүйесін жаңғырту жұмыстарына облыстық бюджеттен 56 миллион теңге бөлінді. Жобаны «Эми» ЖШС жүзеге асырды.

Шілде айының соңында басталған жұмыстар қазіргі таңда аяқталған. Мектеп аумағына қажетті жылу құбырлары тартылып, жеке нысанға қуаты 600 кВт болатын екі қазандық орнатылды. Жаңа жүйе 3560 шаршы метр аумақты жылытуға мүмкіндік береді. Қазандықтарда тас және қоңыр көмір пайдаланылады.

Нысанда қазандық операторларына арналған санитарлық торап та қарастырылып, жұмыс істеуге қажетті жағдай жасалған. Бұған дейін үш оператор қызмет атқарса, енді тағы үш адам жұмыспен қамтылады.

Шақат мектебінде бүгінде 181 оқушы білім алады. Мектеп жанындағы интернатта жұмыс күндері 23 бала тәулік бойы тұрады. Сонымен қатар, шағын орталықта 30 бала тәрбиеленуде.

Ал Кемеңгердегі білім беру нысанының жылыту жүйесін жаңғыртуға облыстық бюджеттен 68 миллион теңге бағытталды. Жұмыстар шілде айының ортасында басталған.

Қазіргі уақытта мектеп аумағында қуаты 1000 кВт болатын екі модульді қазандық орнатылып, білім ошағына жылу құбырлары тартылды. Енді қазандық жүйесіне елді мекендегі «Аяла» сәбилер балабақшасын қосу үшін құбыр тарту жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа жылыту жүйесі жалпы 6000 шаршы метр аумақты жылумен қамтамасыз етеді. Қазандық көмірдің барлық түрін пайдалануға бейімделген. Қыркүйек айының басында нысанға 900 тонна көмір жеткізу жоспарланып отыр.

Қазандықтың жұмысын қамтамасыз ету үшін ауысымдық негізде алты адам жұмыспен қамтылады.

Кемеңгер мектебінде 450 бала білім алады. Ал елді мекендегі «Аяла» балабақшасына 120 бүлдіршін барады.

Жаңа модульді қазандықтардың іске қосылуы екі ауылдағы әлеуметтік нысандарды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе алдағы жылыту маусымында оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Айта кетелік, биыл Павлодар ауданындағы мектептерде төрт мыңнан астам оқушы білім алады. Олардың 376-сы – биыл бірінші сыныпқа баратын оқушылар. Балаларды аудандағы 27 мектеп, оның ішінде 15 шағын жинақты мектеп, сондай-ақ сегіз балабақша мен балалар өнер мектебі қабылдауға дайын.

– Негізгі мәселелердің бірі – жылыту маусымына дайындық. Білім беру ұйымдарының басым бөлігінде жылыту жүйелерін шаю және қысыммен сынау жұмыстары жүргізілді, – дейді аудан әкімдігінде.

Алдағы уақытта жылыту маусымына 7455 тонна көмір сатып алу жоспарланып отыр.