Ақсуда жарты ғасырлық мектеп күрделі жөндеуді талап етеді
50 жыл тарихы бар білім ордасының жөндеуіне 1,2 миллиард теңге керек, хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Асайын Байханов Ақсу қаласына барған жұмыс сапары барысында Ыбырай Алтынсарин атындағы №1 мектепті аралап шықты. Ғимарат 1974 жылы қаланды. Мектеп директорының орынбасары Самал Қамзинаның айтуынша, күрделі жөндеуді жүргізу үшін үш жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Оған жалпы инфрақұрылым желілерін жаңарту, ішкі және сыртқы жұмыстары мен абаттандыру кіреді.
– Жертөледе кәріз жүйесі істен шыққан. Футбол мен волейбол алаңдары жоқ. Мектеп айналасында тұрғын үйлерден балалар мен тұрғындар ойнап, серуендеуге келеді,– деді Самал Қамзина. – Жалпы жөндеуге 1,2 миллиард теңге керек. Мектепте асхана, спорт зал, мәжіліс залды жаңартып, кабинеттердегі әйнек пен ескітерді ауыстыру қажет.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, жалпы облыс бойынша мектептерді жөндеуге 7 миллиард теңге қарастырылған. Оның ойынша, бір мектепке 1 миллиард теңге жұмсалса, басқа білім нысандарына қаражат жетпей қалуы мүмкін. Бұл пікірмен облыс әкімі Асайын Байханов та келісті. Аймақ басшысы мектепте ERG тарапынан жөндеу өткізу туралы ұсыныс білдірді.
– Сомасы өте көп екен. Бұл жерде ферроқорытпа зауытында жұмыс істейдін қызметкерлері де оқиды. ERG-ға да маңызды болады,– деді Асайын Байханов. – Мектепті қалпына келтірейік. Бір амалын табамыз – не бюджеттік, не демеушілердің есебінен жақсы жөндеу жүргіземіз.
Биыл мектепті 35 түлек бітірді, оның ішінде екі оқушы грант ұтып, Алматыдағы жоғарғы оқу орындарына түсті. Бүгінде мектепте 1245 оқушы білім алып жатыр. Жалпы ғимарат 1320 оқушыға шақталған.
Аталмыш мектепті кезінде әлемге әйгілі саунд-продюсер, диджей Imanbek бітірген болатын.