Павлодар облысында маңызды энергетикалық нысандар жаңартылуда

Бір нысан бірнеше ауданның электрмен жабдықталуын қамтамасыз етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар ЭТК» АҚ-ның негізгі инвестициялық жобаларының бірі – «Ленинская» 110/10 кВ қосалқы станциясының жабдықтарын жаңғырту. Бұл – «ЕЭК» АҚ-дан қажетті кернеу деңгейін қамтамасыз ететін тораптық қосалқы станция. Оның тұрақты жұмысы Ертіс, Ақтоғай, Железин, Ақсу ауылдық аймағының бір бөлігі және Тереңкөл ауданының электрмен жабдықталу сенімділігіне тікелей әсер етеді.
– Қайта жаңғыртудың алғашқы кезеңін 2015 жылы өткіздік: 110 киловольттық төрт ұяшық жаңартылды. Биыл жұмыс жалғасуда. Бұрын қолданылған майлы ажыратқыштар заманауи Alstom құралдарына ауыстырылды. Тоқ және кернеу трансформаторлары, қорғаныс шкафтары орнатылып жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын, алда іске қосу және реттеу кезеңі тұр. Бүгінгі таңда жоспарланған 250 миллион теңгенің 195 миллион теңгесі игерілді, – деді «Павлодар ЭТК» АҚ бас директорының орынбасары, бас инженері Алексей Толстых.
Оның айтуынша, қосалқы станция 50 жылдан бері жұмыс істеп келеді, ал жаңғырту жұмыстары жобаның ауқымы мен құнына байланысты кезең-кезеңімен жүргізілуде.
– Біз бекітілген инвестициялық бағдарлама аясында жұмыс істеп жатырмыз. Қосалқы станцияны толық жаңарту ауқымды шығындарды талап етеді, сондықтан жұмыстар бірнеше кезеңге бөлінді. Он жыл бұрын 110 кВ төрт ұяшық ауыстырылып, тарату құрылғылары жаңартылды, майлы ажыратқыштар вакуумдық үлгілерге ауыстырылды, – деп түсіндірді бас инженер.
Тұтынушылар үшін бұл – аудандардың электрмен жабдықталу сенімділігінің артуы деген сөз. «Ленинская» қосалқы станциясы – жүйедегі кернеуді қалыптастыратын генерация көзін және Ертіс пен Ақтоғай аудандарын байланыстыратын маңызды буын. Сонымен қатар, өңірде апатқа бейім қосалқы станциялар бар, олардың жаңғыртылуы жергілікті билікпен бірлескен жобалар аясында жоспарланған.
2025 жылы «Павлодар ЭТК» АҚ жабдықтарды жаңғырту мен жөндеуге өз қаражатынан 4,5 миллиард теңге бөлді. Оның ішінде 1,8 миллиард теңге «Тарифті инвестицияға айырбастау» мемлекеттік бағдарламасы арқылы тартылды. Бұл қаражат Павлодар өңірінің электрмен жабдықталу сенімділігін арттыруға бағытталған.
Бағдарлама аясында энергетиктер Павлодар қаласындағы 11 трансформаторлық және жинақталған трансформаторлық қосалқы станцияны күрделі жөндеуден өткізуде. Сондай-ақ, облыс аудандарында 0,4 кВ жаңа әуе желілерінің 53,6 шақырымы салынуда, ал 110 кВ және 10 кВ желілерінің 75 шақырымнан астамы жаңартылуда.
Мамандардың айтуынша, облыстағы электр желілерінің тозу деңгейі 65,5%-ды құрайды. Жобалар жүзеге асқан жағдайда бұл көрсеткіш 2029 жылға қарай 55%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.
Өңірде екі жылу электр орталығында да ауқымды жаңғырту және жөндеу жұмыстары жүргізілуде.