Павлодар колледждері еңбек нарығына кадр даярлауды күшейтті
Түлектердің басым бөлігі дипломы бойынша қызмет етуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі қабылдау науқанының аралық қорытындысы шығарылды. Негізгі басымдық сұранысқа ие кадрларды даярлауға және бітірушілерді жұмыспен қамтуға беріліп отыр.
Облыстық білім беру басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Жасұлан Сыздықовтың айтуынша, бүгінде аймақтағы 42 кәсіптік оқу орнында 23 208 студент білім алуда. Оның 28-і мемлекеттік, 14-і жекеменшік. Бюджет есебінен 18 867 студент оқуда.
– Өңірдің экономикалық дамуы кадрлық әлеуетке тікелей байланысты. Сондықтан басты мақсатымыз – жұмыс берушілерді білікті жұмысшы кадрлармен және орта буын мамандарымен қамтамасыз ету, – деді ол.
Қазіргі таңда оқу орындарында 109 мамандық пен 189 біліктілік бойынша даярлық жүргізіледі. Еңбек нарығындағы өзгерістерге сәйкес оқу бағдарламалары тұрақты түрде жаңартылып келеді. Бүгінде олардың 720-сі жаңа талаптарға бейімделген.
Жасұлан Сыздықовтың айтуынша, биыл оқуын 6 793 түлек аяқтады. Оның 5 190-ы мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алған. Бітірушілердің 1 326-сы жұмысшы біліктілігін, 5 336-сы орта буын мамандығын, ал 131-і қолданбалы бакалавр дәрежесін иеленді.
Қазіргі уақытта олардың 6 480-і, яғни 95,4%-ы жұмыспен қамтылған. Соның ішінде 4 755 адам немесе 70%-ы өз кәсібі бойынша еңбек етіп жүр. Бірқатар жас оқуын жоғары оқу орындарында жалғастыруды таңдаған.
Өндіріс орындарымен әріптестік те нығайып келеді. Дуальды оқыту жүйесіне 7 221 студент тартылған. Бұл жалпы контингенттің 39%-ын құрайды. Өткен жылы аталмыш көрсеткіш 31% құраған. Кәсіпорындармен 6 619 ынтымақтастық келісімі жасалған.
Білім беру ұйымдарының негізгі серіктестері қатарында, «Қазхром» және «Павлодарэнерго», «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы, «Богатырь Көмір», «Павлодар мұнай-химия зауыты», «Kaz Minerals Bozshakol» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Екібастұз ГРЭС-тері бар.
Биылғы білім гранттарының көлемі алдағы бес жылдағы кадрларға деген сұранысқа сәйкес айқындалған. Болжам бойынша, 2026-2030 жылдары Павлодар облысына 35 954 қызметкер қажет. Жыл сайынғы орташа қажеттілік 9 819 адамды құрайды. Бұдан бөлек, жергілікті кәсіпорындар жеті мыңнан астам маман даярлауға тікелей өтінім берген.