Германияның Қазақстандағы елшісі павлодарлық оқушылармен жүздесті

Германияның Қазақстандағы елшісі павлодарлық оқушылармен жүздесті
Фото: Павлодар қаласының білім беру бөлімі ұсынды

Қонақтарға PASCH жобасы аясында жыл сайын отырғызылатын мектеп аумағында өсіп келе жатқан шыршалар көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Моника Иверсен Павлодар облысына келген жұмыс сапары кезінде экологиялық бағыттағы № 36 бейіндік мектебіне барып қайтты. 

Мектепте 1607 оқушы оқиды. Білім ордасында 12 лицей сыныбы бар. Мектеп үш тілді оқыту негізінде пилоттық болып табылады. Қазақ, орыс ағылшын тілдерінен басқа неміс тілін 123 оқушы оқиды. Оның ішінде 9-сыныптардың 31 оқушысы неміс тілін бірінші шет тілі, 8-сыныптардың 92 оқушысы екінші шет тілі ретінде оқиды. 2000 жылы экологиялық бағыттағы бейіндік мектеп мәртебесін алды. 2008 жылдан бері білім ордасы «Мектептер: болашақтың серіктестері» Халықаралық PASCH жобасының қатысушысы болып табылады.

Оқушылар мен мұғалімдер елшіге мектептің PASCH жобасына қатысу, Гете-институтпен ынтымақтастық, үш тілде оқыту бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы айтып берді. Сондай-ақ, мектеп аумағында жыл сайын отырғызылатын шыршалар көрсетілді. Қонақтарға мектептің экологиялық мұражайы таныстырылды. Мұражайда қонақтар «ЭкоЖастар» экологиялық клубының жұмысымен танысып, орыс және неміс тілдерінде тарих пәнінің мұғалімі және клуб оқушылары «Жаһандық экологиялық мәселелер», «Атмосфераның жағдайы», «Су ресурстары», «Невада-Семей» Халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысы», «Минералдар мен тау жыныстарының жиынтығы», «Павлодар облысының флорасы мен фаунасы», «Мектеп экологиялық қозғалысы», «ЭКСПО -2017» бөлімдерінің экспозицияларын ұсынды. 

Өз сөзінде Моника Иверсен оқушыларға неміс тілін білгені және мектеп ұжымына PASCH жобасына қатысқаны үшін алғыс айтып, жаңа жобаларға одан әрі қатысуға тілек білдірді.