Павлодар облысында құтқарушылар қарт адам мен алты жасар қызды құтқарды
78 жастағы ер адам қар құрсауында қалған көліктердің бірінде болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 12 наурызда ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдар жабылды. Осы ретте Шідерті кентіндегі жанармай құю станциясында орын алған коллоннадағы автокөліктердің бірінде болған ер адамның жағдайы нашарлаған. Белгілі болғандай Астана қаласына жол жүріп бара жатқан 1948 жылы туған жолаушы өзін нашар сезінген.
— Оқиға орнына аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері дереу шықты. Қарт адамды эвакуациялап, оны Шідерті кентіндегі ТЖМ трассалық медициналық-құтқару пунктіне жеткізіп, аудандық медицина орталығының қызметкерлеріне тапсырды. Дәрігерлер ер адамға қажетті көмекті толық көлемде көрсетіп, автожол ашылғанға дейін өз бақылауларында қалдырды, — делінген хабарламада.
Сол күні ТЖД облыстық штабымен тағы бір ведомствоаралық құтқару операциясы ұйымдастырылды. Бүгін Павлодарға төтенше жағдайлар департаментінің арнайы техникасымен шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болған қыз бала жеткізілді.
Құтқарушылардың жоғары өтімді арнайы техникасымен Павлодарға шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болған алты жасар қызды жеткізді. Екібастұз қаласы ТЖБ 2-МӨСБ қызметкерлері 103 бригадасына баланы Екібастұз қалалық ауруханасынан Павлодар облыстық ауруханасына тасымалдауға көмектесті. Жол санитарлық көлік үшін жабылғандықтан, тасымалдауға жол талғамайтын апаттық-құтқару көлігі тартылды.
Құтқарушылар мен дәрігерлердің үйлесімді жұмысының арқасында кішкентай науқас уақтылы ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің қарауына берілді.