Павлодарда егін науқанына арналған дизель отынының өңірлік операторлары анықталды

Павлодарда егін науқанына арналған дизель отынының өңірлік операторлары анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Биыл егін жұмыстарына 27 мың тоннадан астам дизель бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында 2026 жылғы көктемгі егін жұмыстарын жүргізу үшін арзандатылған дизель отынын жеткізетін өңірлік операторлар айқындалды.

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасында аймақтық операторларды айқындау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Байқауға қатысуға 3 компания өтінім берген. Соның ішінде балдық жүйе бойынша бағалау нәтижесінде «LF TRADE» ЖШС және «ТК Парнас» ЖШС
лайық деп танылып, биыл шаруаларды арзандатылған сұйық отынмен қамтитын өңірлік оператор атанды.

Арзандатылған дизель отынының бағасы 1 литріне – 275 теңгені құрайды. Оның 1 тоннасы – 327 970 теңге. Аталған баға орташа нарықтық құннан 15%-ға төмен, - делінген хабарламада.

Мониторинг деректеріне сәйкес, дизель отынының орташа нарықтық бағасы шамамен литріне 322 теңгені құрайды.

Айта кетелік, биыл Павлодар облысына бөлінген дизель отынының жалпы көлемі – 27 272 тонна. Оның 6 827 тоннасы наурыз айына арналса, сәуірге – 12 285, ал мамыр айына 8 160 тонна бөлінді.

 Бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жанар-жағармай материалдарымен уақытылы қамтамасыз етіп, көктемгі егін жұмыстарын оңтайлы агротехникалық мерзімдерде жүргізуге мүмкіндік береді, - дейді басқармадағылар.

Әрі жауапты мекеме ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін көктемгі егін жұмыстарын жүргізу үшін жанар-жағармай материалдарын уақытылы алуға шақырады.