Павлодарда заманауи учаскелік полиция пункті ашылды
Жаңа үлгідегі полиция учаскелік пункті – полиция жұмысының қазақстандық сервистік моделінің пилоттық жобасы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Әзірге мұндай шағын орталық тек Павлодар облысында ашылды. Учаскелік пункт 57 мыңнан астам адам тұратын Усолка шағын ауданында орналасқан. ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың өңірге сапары кезінде полиция пунктінің қалай жұмыс істейтіні көрсетілді.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Склярдың айтуынша, келушілерді кезекші учаскелік инспектор қарсы алады. Тұрғындарды қабылдайтын және өтініштерді шұғыл және шұғыл емес деп бөлетін ресепшен бар. Шұғыл шаралар дереу қабылданады.
– Кейде олар баянаттармен, анықтамалармен жүгінеді, енді бұл адамдар басқа учаскелік бөлімге жіберілмейді, дереу шаралар қабылдайды. Пунктке барлық базалар қосылған. Барлық өтініш берушілерді тексеріп, сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде өтініштерді қабылдап тіркей алады, – деді Василий Скляр.
Жаңа учаскелік пунктте қызмет үшін қажетті жағдайлар жасалды. Мұнда заманауи жабдықтар, азаматтарды қабылдау және қоғаммен байланыс бөлмесі, конференц-зал, жеке кіреберісі бар адамдармен жұмыс істеуге арналған кабинет, кеңсе бөлмелері, демалыс және тамақтану бөлмесі бар. Барлық қызмет көрсетілетін учаскеге бейнебақылау қосылды. Енгізілген жаңашылықтың бірі – ана мен бала бөлмесі.
Бір учаскелік инспектор үнемі полиция пунктінде болады және қалалық немесе мобильді нөмірі, «102» арнасы бойынша келіп түскен барлық хабарламалар мен өтініштерді қабылдайды. Содан кейін пысықтауға жолдайды.
Учаскеде барлығы 16 полиция қызметкері қызмет атқарады. Оның ішінде кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі учаскелік инспектор, аймақтық жедел уәкіл және жаяу жүретіне екі патрульдік полиция қызметкері бар.
Марат Ахметжанов полицияның осындай сервистік пункттерін құру – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы екенін еске салды.
– Бір маңызды аспектіні атап өту қажет: бұл жергілікті атқарушы органдармен, азаматтық қоғаммен, қоғамдық ұйымдармен әріптестік. Бұл өзара әрекеттесу қылмыстық құбылыстардың салдарымен емес, себептерімен күресуге көмектеседі. Көшедегі қылмыстың, ұрлықтың, басқа да құқық бұзушылықтардың төмендеуін күтеміз, – деп атап өтті ІІМ басшысы.
Министр жобаны қаржыландырғаны үшін облыс әкімдігіне алғысын білдірді. Өңір басшысы Асайын Байханов мемлекеттік органдардың қолжетімділігі мен ашықтығы өңір тұрғындарының сенім артуы үшін маңызды екенін атап өтті. Жаңа учаскелік пунктте жұмыс істейтін адамның сапалы қызмет көрсетуіне жағдай жасалады.
– Ол үшін қажетті материалдық-техникалық базаға ие болуы керек. Полиция жаңа жобаның арқасында адамдарға ашық әрі жақын бола түскенін көріп отырмыз, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Өңір басшысы әкімдік ел президентінің тапсырмаларын іске асыру бойынша полиция департаментімен бірлесіп, одан әрі жұмыс істейтініне сендірді.