Павлодарлық жігіт дронға видео түсіру әуестігін күнделікті табысқа айналдырып жүр

Павлодарлық жігіт дронға видео түсіру әуестігін күнделікті табысқа айналдырып жүр
Фото: Есенжол Исабек

Дронға «Лашын» деген атау берілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

21 жастағы Аман Қанат есімді жас жігіттің дронға деген қызығушылығы ойламаған жерден кәсіби деңгейге жақындап келеді. Қазір ресми жұмыс істемесе де, дрон арқылы түрлі ұсыныстар түсіп, сүйікті ісі табыс көзіне айналып отыр. Ол техник электрик мамандығына оқып жатыр.

– Дронды былтыр қараша айында қолға алдым. Оны туған күнімде әкем Kaspi дүкенінен алып берген еді. Бұған дейін дроным болған жоқ, бірінші рет осындай іспен айналысып жатырмын, – дейді ол.

Аманның дронға деген ынтасы 2019 жылы оянған. Сол жылы ауылына Natgeokaz арнасы келіп, түсірілім барысында дронмен жұмыс істейтін танымал мамандарды көрген. Сол сәттен бастап әуеден түсіруге ерекше қызыққанымен, дронды тек биыл ғана қолға алыпты.

Алғашында дронды дұрыс басқару үшін тәжірибе жетіспеген. Ол үшін жас әуесқой арнайы курстарға жазылып, мамандардың онлайн сабақтарын сатып алып оқыған. Сондай-ақ, әкесінің досы – тәжірибелі дроншы Talashin лақап атымен белгілі Талғат Бекмағамбетовтан ақыл-кеңес алған.

– Ұшып үйренемін деген адамға қатты қиындық жоқ. Басында үйренгенше қиын болады, бірақ уақыт өте келе бәрі келеді. Қазіргі дроным – DJI Mini 4 Pro. Оқырмандарым оған «Лашын» деген ат қойып берді, – дейді Аман Қанат.

Әуеден видео түсіру Аман үшін бастапқыда жай қызығушылық болса да, уақыт өте келе үлкен хоббиге айналған. Қазір ол түрлі тапсырыстар орындап, тәжірибе жинап жүр.

– Көбіне бір кадрды бірнеше рет түсіремін. Себебі ең әдемі ракурсты табу үшін қайталап түсіруге тура келеді. Шыны керек, әлі күнге дейін дронды құлатып алған жоқпын, алғашқы күннен бастап абайлап ұшырып жүрмін. Дронды әдейі құлатпаса немесе бір жерге соғып алмаса, ол құламайды, – дейді ол.

Оның сөзінше, дронда үш батарейка болады. Әрқайсысының қуаты 45 минутқа жетеді. Аман түсірген материалдарын арнайы бағдарламаларда өңдейді. Монтажға кететін уақыт көбіне шабытқа байланысты. Мысалы, жуырда Баянауылда өткен Жаяу Мұсаның 190 жылдығына барып, екі күн бойы кадр жинап, қалаға қайтар жолда автобуста отырып-ақ роликті шығарыпты.

– Ең ұзақ жасаған монтажым шамамен 1,5 күн уақытымды алды, ал ең қысқа монтажым 30 - 40 минут ішінде дайын болған рилс, – дейді Аман Қанат.

Қауіпсіздікке мән беретін ол стратегиялық нысандардың үстінде ешқашан дрон ұшырмайды.

– Мен үшін бұл тек жұмыс емес, нағыз хобби. Ұнаған іспен айналыссаң, нәтиже шығарасың. Жаңа бастағандарға айтарым – мен де сіздердің қатарларыңыздамын. Ең бастысы, тоқтамай, соңына дейін жеткізу, – деп қорытындылады жас дроншы.

Алдағы уақытта ол дронды жетілдіріп, басқасын алуды жоспарлап жүр.