Павлодар облысында үкінің қоян аулаған сәті камераға түсті
Қызыл кітапқа енген жыртқыш құстың табиғи тіршілігі камераға ілікті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының мәліметінше, орман аумағына орнатылған фототұзақ үкінің қоян аулаған сәтін түсіріп алған.
Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген жыртқыш құс табиғатта көбіне түнде белсенді болады. Оның өткір көру қабілеті, сезімтал есту мүшелері мен қуатты тырнақтары жемтігін аулауға көмектеседі.
– Біз үшін бұл – сирек кадр. Ал табиғат үшін – тіршіліктің қалыпты заңдылығы. Жыртқыштар қоректік тізбектің маңызды бөлігі ретінде экожүйедегі табиғи тепе-теңдікті сақтауға қатысады, – делінген резерват хабарламасында.
Мамандардың айтуынша, фототұзақтар жабайы жануарлардың тіршілігін адам араласуынсыз бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай құрылғылар арқылы олардың мінез-құлқын зерттеп, табиғи ортадағы әрекеттері туралы мәлімет жинауға болады.
Резерват өкілдері сирек кездесетін жануарлар мен құстарды қорғау және олардың мекендеу ортасын сақтау маңызды екенін еске салды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram