Павлодар облысында он бес мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтылды

Павлодар облысында он бес мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Осы жылдың жоспары алпыс пайызға орындалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ағымдағы жылы өңірде мемлекеттік және жеке шаралар аясында 25,5 мың жұмыс орнын құру көзделген. Оның ішінде 72 пайызы – тұрақты жұмыс орындары. Бұл туралы өңір басшысымен өткен аппараттық отырысында Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысы Самал Қадырова мәлім етті.

Өңірлік карта аясындағы бастамалар бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, 15 инфрақұрылымдық жоба аясында 1273 адам жұмысқа тартылып, оның 333-і тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, субсидияланатын жұмыс орындарына 5976 адам, «10 000 тұрғынға 100 жұмыс орны» жобасы бойынша 7436 адам жұмыспен қамтылуы тиіс. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 322 тұрақты жұмыс орны құрылады.

– Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 406 мемлекеттік грант беру жоспарланған. Жыл басынан бері 220 грант берілді. Жалпы, әлеуметтік осал топтарға 605,9 миллион теңгені құрайтын гранттар қарастырылған, – деп атап өтті Самал Қадырова.

Бос жұмыс орындарына 9 958 адамды орналастыру жоспарланған болса, бүгінгі күні жоспардың 60,3 пайызы орындалып, 15 379 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 9730 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Алайда, олардың тек 69 пайызы ғана міндетті зейнетақы жарналары төленіп отырғаны анықталған. Осыған байланысты еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдар арасында бірлескен жұмыс ұйымдастырылмақ.

Сондай-ақ, 108 инвестициялық жоба іске қосылып, 1019 жаңа жұмыс орны ашылды. «10 000 тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасының орындалу деңгейі 46,6 пайызды құрап, 3465 жұмыс орны құрылды.

Алайда, Павлодар, Май, Баянауыл, Успен және Шарбақты аудандарында көрсеткіштер облыстық деңгейден төмен. Дегенмен қазіргі уақытта тәуекелдер жоқ деп бағалануда.