Павлодар облысында көктемде төрт автожолды су шайып кетуі мүмкін
Барлық инертті материалдар дайын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Республикалық жолдардың ішінен ең қауіптісі «Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ботақара» учаскелері болып табылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз конференциясында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облысы бойынша филиал директорының орынбасары Алексей Логвиненко мәлім етті.
– Өткен жылдары аталған автожолдың 105 шақырымында су басып кеткен болатын. Бүгінде ол жерде екі алюминий құбыр, диаметрі бір жарым метр болатын бір дөңгелек темірбетон құбыр, сондай-ақ екі аралықты және үш аралықты жалғайтын көпір салынды. Бірақ еріген судың көп мөлшері болған жағдайда жол жамылғысы төмен орналасқандықтан учаскені су шайып кетуі мүмкін,– деді Алексей Логвиненко.
Оның сөзінше, су тасқынының алдын алу үшін инертті материалдар дайындалды: қиыршық тас, құм, қаптар.
– Соңғы рет 2016-2017 жылдары Қалқаман-Баянауыл автожолын, бұрын ешқашан келмеген еріген су Павлодар -Успен автожолын шайып кеткен еді. Осы жағдайдан кейін Павлодар-Успен учаскесінде су өткізу құбырлары салынды,– деді Алексей Логвиненко.
Ал 2017-2018 жылдары Көктөбе ауылының маңындағы Атамекен-Курчатов тас жолының су өткізу құбыры уақытылы ашылмағандықтан сол учаскені де су басқан. Алексей Логвиненконың сөзінше, биыл жазда сол жолда су өткізу құбырының диаметрін үлкейту және жер қабатының үйіндісін көтеру бойынша жұмыстар атқарылатын болады.
– Облыста технологиялық тұрғыдан еріген су жолды шайып кетпейтін екі учаске бар. Бұл –Баянауыл ауданындағы Көкдомбақ ауылына кірме жолы мен Мәшһүр Жүсіп ауылынан кесенеге тартатын жол. Көп мөлшерде қар еріп, су өткізу құбырлары да көмек етпеген кезде жол қалыпты жағдайда қалады, себебі ол бетонмен құйылған,– деп түсіндірді Павлодар облысының жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Қанат Кәрімов.
Жалпы, 10 наурызға дейін 1 475 су өткізу құбырын ашу жоспарлануда: темір жолда –199, автомобиль жолдарында – 1276.