Павлодарлық монополистер желілерді жаңартуға өтінім берді

Инвестиция көлемі 13 триллион теңгені құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2024 жылы жүзеге асырылған Ұлттық жоба тозығы жеткен жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және энергетикалық инфрақұрылым желілерін ауыстыру және қайта жаңғыртуға бағытталған шараларды қамтиды. Жобаны жүзеге асыру барысында жергілікті билік тозу мен апатты жағдайлардың 20 пайызға азаюын күтуде.
Тозуы бар әрбір табиғи монополия субъектісі жабдықтары мен желілерінің жай-күйіне байланысты тәуекел топтарына жіктелуге жатады.
– Қызыл деңгейге ауыр жағдайда тұрған, тозуы 65 пайыздан асқан нысандар кіреді. Бұл топқа «Павлодар Водоканал» және «Павлодарские тепловые сети» кіреді. Су желілерінің тозу деңгейі 75 пайыздан, ал жылумен қамту ¬- 90 пайызды құрап отыр, – дейді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов.
Сары топқа тозу деңгейі 55-тен 65 пайызға жететін объектілер, ал жасыл топқа тозу деңгейі 55 пайызға дейінгі объектілер жатады. Жоспар бойынша барлық көрсеткіштерді он пайыздан астам төмендету көзделген.
Ұлттық жобаны жүзеге асыруға қажетті қаржыландыру көлемі 13 триллион 588 миллиард теңгені, ал субсидиялар 1 480 миллиард теңгені құрайды. Бұл қаражатты 2025-2029 жылдар аралығындағы жоба аясында жұмсауға болады.
– Облыста жылумен қамтуды жаңғыртуға 106 миллиард теңге бөлінді, оның 22-ге жуығы мемлекет тарапынан субсидияланады. Электр желілеріне 123 миллиард тартуды жоспарлап отыр, мемлекеттік бюджеттен субсидиялар 22 миллиардтан асады. Сумен жабдықтау инфрақұрылымы - 42 миллиард, оның сегізі субсидия түрінде беріледі деп үміттеміз. Бірақ бұл әзірге жоспарлар ғана, - деп түсіндірді Нұрлан Нұрмұратов.
Табиғи монополиялар субъектілеріне бөлінетін нақты сомалар бизнес-үдерістерді және жобаның құнын ескере отырып, өтінімдер негізінде және техникалық оператордың жоспарын егжей-тегжейлі талдау нәтижелері бойынша айқындалады. Қазіргі уақытта монополистердің жобалары бойынша қорытындылары күтуде. Жобалар алдағы бес жылға есептелген.
Бүгінгі күні «Павлодарские тепловые сети» ЖШС, «Павлодар электржелілік тарату компаниясы» АҚ және Екібастұз қаласының «Горводоканал» мемлекеттік кәсіпорны Ұлттық жобаға қатысуға дайын. Инвестициялық бағдарламалар бойынша қызметтің басым бағыттарын таңдау бойынша жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізілуде.