Баянауылда Қаныш Сәтбаев атындағы мектепте алғаш рет күрделі жөндеу жүргізілуде
Мектеп 2001 жылы құрылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов Баянауыл ауданының Сәтбаев ауылдық округіне қарасты Мұса Шорман ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешенінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстардың барысымен танысты.
Жөндеу жұмыстарына 388 миллион теңге қаражат бөлінген.
– Бұрын соңды бұл мектепте күрделі жөндеу жүргізілмеген. Ғимараттың қасбеті, электр және жылу жүйелері, терезелер, еден, шифер және ішкі жұмыстардың басым бөлігі жөнделіп, ауыстырылды. Шілде айында толық тапсыруды жоспарлап отырмыз, – деді мектеп директоры Қайыргелді Дүйсенбек.
Білім ордасында 39 педагог еңбек етсе, 104 бала білім алады.
Бұдан бөлек, Сәтбаев ауылдық округіне қарасты Мұса Шорман аулында 3,5 километр асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталған.
– Ауылда су құбырлары орнатылып, шұңқырлар жөнделеді, жарықтандырылды. Шеткі көшелерде барлық жұмыстар аяқталды. Халық риза, – деді Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев.
Оған қоса, Қаныш Сәтбаев ауылдық округінде 44 млн теңгеге орталық алаңда абаттандыру: шағын ойын алаңы, көше сахнасы болады. Жұмыстар шілде айында аяқталады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына 500-ден астам іс-шара жоспарланған. Ұлы жерлесіміздің мерейтойын ресми түрде атап өту Сәтбаев ауылында өтеді.