Павлодар облысында миллиардтаған теңге бюджетке қайтарылды

Павлодар облысында миллиардтаған теңге бюджетке қайтарылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Салық органдары камералдық бақылаудың нәтижесімен бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биылғы жылдың тоғыз айында облыстық мемлекеттік кірістер департаменті камералдық бақылау аясында салық төлеушілерге 13 мыңнан астам хабарлама жолдады. Он мыңнан астам азаматтан жалпы сомасы 500 миллиард теңгеге жуық бұзушылықтар анықталды.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті камералды мониторинг басқарма басшысы Ғалия Сембаеваның сөзінше, бюджетке шамамен 14 миллиард теңге өндірілді, ал салық төлеушілер қосымша есептілікті 15 миллиард теңгеден астам сомаға тапсырды.

–  Камералдық бақылау – бұл ең алдымен алдын алу шарасы. Оның мақсаты – есептіліктегі қателіктерді анықтап, салық төлеушілерге оларды айыппұлсыз түзетуге мүмкіндік беру, – деді Ғалия Сембаева.

Салық төлеуші хабарлама алған күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде әрекет етуге міндетті. Бұл «Салық төлеушінің кабинеті» арқылы немесе пошта арқылы жүзеге асырылады. 

– Маңыздысы – уақытылы жауап беру. Тіпті ол келіспеушілік білдірсе де, хабарлама қабылданды деп саналады. Бұл жағдайда банк шоттарындағы шығыс операциялары тоқтатылмайды, – деп нақтылады спикер.

Егер белгіленген мерзімде жауап келіп түспесе, мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтатады. Оларды қайта ашу тек бұзушылықтар жойылғаннан кейін мүмкін болады. Сонымен қатар, салықтық тексеру тағайындалып, салықтық зерттеу жүргізіледі.

– Біз салық төлеушілерді хабарламаларға мұқият қарауға, уақтылы әрекет етуге және қажет болған жағдайда түсініктеме алуға шақырамыз. Бұл шоттардың бұғатталуынан және қосымша тексерулерден сақтайды», – деді Ғалия Сембаева.

Мамандардың айтуынша, мемлекеттік кірістер органдарының басты мақсаты – жазалау емес, салық төлеушілерге заңбұзушылықтарды өз еркімен түзетуге мүмкіндік беру. Сондықтан әрбір кәсіпкер мен азамат хабарламаға уақтылы және дұрыс әрекет етуі тиіс. Бұл – бизнестің үздіксіз жұмысы мен қаржылық тұрақтылықтың кепілі.