Павлодар ауданында мас балықшыға айыппұл салынды
Полицейлер тұрғындарға балық аулау және аң аулау ережелерін сақтауды ескертеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары «Браконьер» шарасы аясында 10 күн ішінде 72 рейдтік іс-шара өткізген. Аңшылық-балық аулау шаруашылықтарының аумағында 87 аңшы мен балықшы тексерілген.
– Нәтижесінде 30 әкімшілік және үш қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Ертіс өзенінің жайылмасында Павлодар ауданының тұрғыны балық аулау кезінде спирттік ішімдіктер ішіп, балық аулаудың белгіленген ережелерін бұзған, – деді департаментте.
Ауыл тұрғыны ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Еске сала кетейік, браконьерлікті, биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында 25 тамыз - 4 қыркүйек аралығында облыс аумағында «Браконьер» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді.