Павлодар облысында полицейді балағаттаған ауыл тұрғыны қамауға алынды
46 жастағы ауыл тұрғынына қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тереңкөл ауданының полициясына дүкенде ер адам өзін дұрыс ұстай алмай тұрғаны туралы хабарлама түскен. Ол тәртіп сақшылары шақырту орнына келгенге дейін дүкеннен шығып, жалғыз тұратын әженің үйіне бет алғаны анықтаған. Полиция қызметкерлері зейнеткердің үйіне келгенде қария белгісіз мас адамның үйіне кіріп, ұйықтап қалғанын айтқан.
– Учаскелік полиция инспекторы ер адамды ауруханаға куәландыруға әкелу үшін оятқан. Алайда ауыл тұрғыны өзін агрессивті ұстап, зейнеткердің үйінен кетуден бас тартқан және полицияға дөрекілік танытқан. Сонымен қатар, ауруханада болған кезде куәландырудан бас тартты, өзінің қызметтік міндеттерін атқарған билік өкілін балағаттаған, – деді баспасөз қызметінде.
Дүкенде ұсақ бұзақылық жасағаны және зейнеткердің үйінде билік өкілін қорлағаны үшін ҚР ӘҚБтК 434-бабы 1-бөлігі және 667-бөлігі 1-бөлігі бойынша әкімшілік материалдар қозғалып, материалдар сотта қаралды. Сот қаулысымен ауыл тұрғыны бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Әкімшілік жазадан басқа, медициналық мекемедегі билік өкілін қорлау фактісі бойынша ауыл тұрғынына қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 378-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Келу туралы міндеттеме түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.
378-баптың санкциясына сәйкес, қызметтік міндеттерін атқару кезінде полицейге балағат сөздер айтқаны үшін 40 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл немесе 160 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Айта кетерлігі, биыл облыста мұндай тоғыз факті тіркелді, олардың әрқайсысы бойынша тергеу жүргізіліп, кінәлілер жауапқа тартылды.