Павлодар облысында ШҚО тұрғыны ағаш ұрлығы үстінде қолға түсті
Алдын ала есептеулер бойынша шамамен 700 000 теңге шығын келтірілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Аққулы ауданы Шақа ауылының маңындағы орман алқабында рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде Шығыс Қазақстан облысының 43 жастағы тұрғыны ұсталған.
– Ол «қарағай» тұқымдас ағаштарды ұрламақ болған, бірақ бұл ойын жүзеге асыра алмады. Жүкті тасымалдау барысында ұсталды, - деп хабарлады Аққулы ауданы полиция бөлімінің бастығы Тасқын Бөдиев.
Сол жерде заттай дәлелдемелер табылды және тәркіленді: 3 «КамАЗ» автомашинасы, 2 «МТЗ-82/1» маркалы трактор және екі шынжырлы ара.
Ұрлық фактісі бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 24-бабының 3-бөлігі, 188-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.