Успен ауданында бұрынғы әйелімен жанжалдасқан азамат қамауға алынды
Ауыл тұрғынына қатысты қорғау ұйғарымы шығарылған еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Успен ауданының тұрғыны бұрынғы жұбайына құқыққа қарсы іс-әрекеттер жасаған. Полицейлер 19 шілдеде ер адамға 10 тәулік мерзімге қорғау ұйғарымын шығарды.
– Алайда, 24 шілдеде ауыл тұрғыны қорғаныс ережесін бұзып, бұрынғы жұбайына қайта келіп, жанжал шығарды. Осы бұзушылық үшін ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабы 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Сот шешімімен ол он тәулікке қамауға алынды, – деді Успен ауданы полиция бөлімінің бастығы Асқар Аралбаев.
Тәртіп сақшылар 1 шілдеден бастап полиция өтініш берушіден тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің анықтау сипатына ауысатынын еске салады. Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішінсіз тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактілері бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 73, 73-1, 73-2-баптары бойынша әкімшілік іс жүргізуді қозғауға мүмкіндік береді.
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті.