Павлодар облысында үш дүкен өртеніп кеткен
Өртке электр сымдарының ақауы себеп болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қайрат Шаймарденов мәлім етті.
Жыл басынан бері облыста сауда нысандарында үш өрт оқиғасы тіркелді. Екі оқиға – Павлодарда, біреуі Ақсуда орын алған.
– Сауда орталықтарындағы, дүкендердегі, базарлардағы өрт тек мүлікке ғана емес, адамдардың өміріне де қауіп төндіреді. Негізгі себеп – ақаулы электр сымдары. Ескі сымдар, бұралулар, жеткіліксіз жұмыс – осының барлығы өртке әкеп соғуы мүмкін, – дейді Қайрат Шаймарденов.
22-28 шілде аралығында облыста өрт қаупін азайтуға бағытталған республикалық акция өтті. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, еріктілер мен БАҚ өкілдері 96 сауда орнында алдын алу шараларын жүргізді.
– Жеті ірі сауда нысанындағы өрт-тактикалық оқу-жаттығуларға ерекше көңіл бөлінді. Өрт кезінде жеке құрам мен әкімшіліктің дұрыс әрекеті адам өмірін сақтап қалады және дүрбелеңнің алдын алады, – Қайрат Шаймарденов.
Айта кету керек, бүгінде төтенше жағдайлар департаменті облыстағы ауданы екі мың шаршы метрден асатын 95 сауда және ойын-сауық орталығын есепке алған.