Павлодар облысында жылқыларды жайылымнан ұрлағандар анықталды

Павлодар облысында жылқыларды жайылымнан ұрлағандар анықталды
ЖИ иллюстрациясы

Полицейлер мал ұрлығына қатысты істі тергеп, күдіктілердің басқа қылмыстарға қатысын тексеріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Аққулы ауданында жедел-іздестіру шаралары барысында мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен бір топ ер адам анықталды.

Тергеу барысында 15 бас жылқының иелерінің қарауынсыз жайылып жүрген жерінен ұрланғаны белгілі болды. Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

– Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сондай-ақ күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, – деді облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.

Полиция мал иелерін қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Тәртіп сақшылары жануарларды қараусыз қалдырмауға, жайылымдарды тұрақты бақылауға және малды сәйкестендіру құралдарын пайдалануға кеңес береді.

Сондай-ақ мүмкіндік болған жағдайда мал ұсталатын орындарға бейнебақылау камераларын орнату ұсынылады.