Павлодар облысында жол ережесін бұзудың ең жиі кездесетін бес түрі аталды
Өңірде жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 132 мыңнан астам дерегі тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі өңірдегі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер жиі жол беретін құқық бұзушылықтарды атады. Ең көп тіркелген құқық бұзушылық – белгіленген жылдамдықты асыру. Жыл басынан бері полицейлер осы талапты бұзудың 132 864 дерегін анықтаған. Мамандардың айтуынша, жылдамдық жоғары болған сайын жүргізушінің төтенше жағдайда әрекет етуге және соқтығысудың алдын алуға мүмкіндігі азаяды.
Екінші орында көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу тұр. Бұл бағытта 9 554 дерек тіркелген. Көліктің техникалық жағдайы жолдағы қауіпсіздікке тікелей әсер ететіндіктен, оның жарамдылығын уақытылы тексерудің маңызы зор.
Үшінші орында жаяу жүргіншілер тарапынан жасалған құқық бұзушылықтар – 8 931 дерек. Олардың қатарында жолды белгіленбеген жерден кесіп өту, бағдаршамның тыйым салатын сигналына бағынбау және жолда абайсыздық таныту бар.
Төртінші орында жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын, қауіпсіздік белдіктері мен мотошлемдерді пайдалану қағидаларын сақтамау тұр. Жыл басынан бері осындай 8 914 құқық бұзушылық анықталған.
Тәртіп сақшылары қауіпсіздік белдігі мен мотошлемді міндетті талап ретінде ғана емес, жол-көлік оқиғасы кезінде адам өмірін сақтап қалуға көмектесетін қорғаныс құралы ретінде пайдаланудың маңызын атап өтті.
Үздік бестікті көлік құралын басқару құқығынсыз көлік жүргізу деректері түйіндейді. Бұл бағытта 5 710 құқық бұзушылық анықталған.
Құзырлы орын әрбір көрсеткіштің артында жолдағы нақты жағдай тұрғанын атап өтті. Кей жағдайда жол ережесін елемеу адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Сондықтан полиция жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауды, профилактикалық және рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Жолдағы қауіпсіздік әрбір қатысушының жауапкершілігіне байланысты. Жол ережесін сақтау – заң талабы ғана емес, өз өмірі мен өзгелердің қауіпсіздігін қорғаудың маңызды шарты.