Павлодар облысының тұрғындары көбінесе қай салаларға қатысты шағым түсіруде?
Өтініштердің төрттен бір бөлігі екі маңызды саламен байланысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Достық үйінде» «SARAP» эксперттік клубының «ҚР Конституциясы және цифрлық демократия: жаңа технология арқылы азаматтық құқықты нығайту» атты аймақтық жиын өтті. Ол елдегі делибератив демократия тәжірибесі, азаматтардың электрондық өтініштері, цифрлық кеңістіктегі азамат құқығы, ондағы үрдістер мен сын-қатерлер мәселесіне арналды. Жиынға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, заңгерлер, жастар, азаматтық қоғам, партия өкілдері қатысты.
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаев алғашқы сөзді құттықтаудан бастап, талданған зерттеулерге тоқталып кетті.
– Конституция – кез келген ұлттың іргелі қағидаттары мен ережелерін айқындайтын, сондай-ақ саяси, экономикалық және құқықтық даму бағыттарын белгілейтін маңызды құжат. Ол уақыт сұранысына қарай тиісті толықтыруға ие болып келеді. 2022 жылғы референдум осындай маңызды қадамның бірі болды. Мемлекеттік басқару институттары қайта іске қосылып, өңір халқының саяси қатысуына қажетті құралдар кеңейтілді, – деп атап өтті Олжас Бейсенбаев.
Қазақстандық қоғамдық даму институты тікелей министрліктің қолдауымен 2021 жылдан бері «Sarap» эксперттік клубының 49 отырысы өткізілді. Клубтың 50-ші отырысы тікелей эфир арқылы қосылып отырған сарапшыларымен бірге Павлодарда ұйымдастырылды.
– Біз отбасы, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, гендер, азаматтық қоғам, Құрылтай тақырыптарын өңірлерде талқыға саламыз. Осылайша өңірлер мен орталықты байланыстыратын сарапшылар пулын құру көзделген, – деді Олжас Бейсенбаев.
Ол Павлодар облысы бойынша жүргізілген бірнеше көрсеткіштермен бөлісті.
– «SmartDataUkimet» платформасында 10 мың адамға шаққанда Павлодардағы өтініш саны жоғары болмаса да, аймақтардағы шағымдардың үлесі бойынша, яғни лауазымды адамдардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне шағымдар ілгері келеді – өңірлер арасында екінші орында, – деді Олжас Бейсенбаев.
Павлодар облысы бойынша барлық шағымның төрттен бірі денсаулық сақтау және білім беру саласына қатысты. Аймақ бойынша шағым берушінің орташа портреті: 45 жастағы жалдамалы жұмыс істейтін қала тұрғыны екені айқындалды.
2024 жылы институт жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша, 1-2- тоқсанда Павлодар облысында мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейі әртүрлі болған: Президентке – 66,3%, облыс әкіміне – 69,3%. Ал саяси партияларға сенім төмендеу – 30,7% екені анықталды. Әкімге жүгіну деңгейінің төмендігіне – 8,9% қарамастан, жүгінгендердің мәселелерін шешу тиімділігі екінші тоқсанда 100% құрады.
Жергілікті атқарушы органдардың тиімділігі айтарлықтай жақсарған, атап айтқанда, халықтың шамамен 40%-ы әкімнің диалогқа ашықтығын атап көрсеткен.
–Дерекке сүйенген шешімдер мемлекеттік саясатты жетілдіру, өңірлердің мәселесін шешу, азаматтардың құқығын қамтамасыз етуде маңызды деп ойлаймыз. Әрбір бастама қоғамның пікірі мен сарапшылардың талдауы негізінде қабылдануы маңызды. Жиында айтылған пікірлер мұқият қаралып, тиісті министрлікке, Құрылтай хатшылығына ұсыныстар беріледі, – деді спикер.
Жиын соңында «SARAP» эксперттік клубының қатарына Павлодар облысынан үш жаңа сарапшы қосылды. Олар – Павлодар облысының ҮЕҰ азаматтық одағының төрағасы Алмагүл Қозбаева, облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин.