Павлодарлық полицейлерге тәрбиелік экскурсия ұйымдастырылды

Павлодарлық полицейлерге тәрбиелік экскурсия ұйымдастырылды

Сотталғандар бұрынғы әріптестерін адал жұмыс істеуге шақырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін мемлекеттік қызметкерлерге  түзеу мекемелеріне экскурсия ұйымдастыралады. Ол жерде  сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандар жазасын өтейді.

– Біз экскурсияларды полиция органдарынан бастадық, - деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Дархан Құрақбаев. – Өткен жылы осы салада сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған төрт қызметкер әшкереленді.

Қазіргі полиция қызметкерлері №44 түзеу мекемесінің жазасын өтеу шарттарымен танысып, пара алғаны үшін сотталған бұрынғы жол полициясы қызметкерлерімен әңгімелесті. Олар ащы тәжірибелерімен бөлісіп,  қылмысқа не итермелегенін айтып берді. Мысалы, бас бостандығынан айырған сотталушының бірінде сот үкімінен кейін анасы жүрек талмасынан қайтыс болған. Шаңырағы шайқалып, әріптестері мен достары теріс айналған.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы пара алғаны үшін көші-қон полициясы бөлімі бастығының орынбасары және Павлодар әкімшілік полициясы бастығы қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын.

Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті және облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ұсынды