Павлодар студенті бірыңғай цифрлық университет платформасын ұсынды

Жоба студенттердің көмекші құралына айналады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Pavlodar Hub алаңында стартап-жобаларға арналған өңірлік «Idea Battle» байқауы өтті. Торайғыров университетінің «Computer Science» білім беру бағдарламасының бірінші курс студенті Тайыр Мұқажан өз инновациялық идеясын ұсынып, бірінші орынды иеленді.
– Студент ұсынған «KazUniHub» жобасы – Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарын біріктіретін бірыңғай цифрлық білім экожүйесі. Платформа студенттерге оқу кестесін, электронды бағалау парағын және сынақ кітапшасын көруге мүмкіндік береді, – деді Торайғыров университетінде.
Сонымен қатар, стипендия мен сабақ кестесіндегі өзгерістер туралы хабарламалар алуға қолжетімділік қарастырылған. Оған қоса білім алушыларға анықтамалар мен құжаттарды онлайн eGov порталы секілді, университет ішінде рәсімдей алу мүмкіндігі жасалған.
Жоба «CoEd» платформасымен әріптестік орнатуды көздейді. Бұл студенттік жобаларды орналастыру, ілгерілету, инвесторлар табу және команда құруға арналған орта болмақ.
«KazUniHub» – елімізде бірыңғай цифрлық университеттік кеңістік құруға бағытталған маңызды қадам.