Павлодарда жастар мен аға буын өкілдері отбасылық дәстүрлер бойынша пікір алмасты

Павлодарда жастар мен аға буын өкілдері отбасылық дәстүрлер бойынша пікір алмасты
Фото: автор

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Елімізде қыркүйектің әр екінші жексенбісінде Отбасы күні аталып өтеді. Биыл аталған мереке 8 қыркүйекке келеді.

Бұл ретте, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі қызметкерлері отбасылық құндылықтар мен әдет-ғұрыптарды, мұраларды, құндылықтарды көрсету, насихаттау бойынша жастар мен аға буын өкілдерінің пікір алмасуы мақсатында «Отбасылық дәстүрлер» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. 

Шараға ақсақалдар тағылымы орталығының мүшелері және қаламыздағы белсенді әжелер және ҚР Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі Шолпан Байғалы мен жастар қатысты.  

– Отбасы құндылығы қазіргі таңда маңызды да, мәнді де тақырыпқа айналып отыр. Өйткені тәрбиенің барлығы отбасынан басталады. Баланы тәрбиелеу оңайлыққа түспейді. Себебі, жауапкершілік үлкен. Бала – біздің де, отанымыздың  да болашағы. Бұл ретте, отбасын құруда жар таңдауда қателеспеу керек екенін атап өткім келеді, – деді Шолпан Байғалы. 

Ардагерлер жастарға ең алдымен оқу-білімге құштар болуға, ата-ананы, үлкендерді сыйлауға, алға арман-мақсат қоюға, салт-дәстүрлер мен отбасылық мерекелерді ұстануға кеңес берді.