Павлодардағы әдебиет музейінің қоры онға жуық қолжазбамен толықты

Павлодардағы әдебиет музейінің қоры онға жуық қолжазбамен толықты
Фото: Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінен

Қолжазбалар –  латын және араб тілінде жазылған өлеңдер жинағы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің жеке қоры тағы да қолжазбалармен толықты. Жуырда аталмыш музей қызметкерлері Тереңкөл ауданына арнайы іссапармен барды. Сапар барысында музей ұжымы Тереңкөл аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімімен, сондай-ақ аудандық білім беру бөлімімен ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды.

– Меморандум аясында біз Тереңкөл ауданының аумағында бірлескен көрмелер, мәдени-рухани іс-шаралар және ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Соның бірі - биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай мектеп оқушылары арасында өтетін «Жер-судың аты – тарихтың хаты» атты өлкетану бағытындағы байқау мен «Алаш ардақтыларының ізімен» экспедициясы, – деді музей директоры Ербол Қайыров.

Сапар барысында музей қызметкерлері Песчан және Байқоныс ауылдарына барып, ел есінде қалған қасиетті адамдар жайлы деректерді, жәдігерлер мен қолжазбаларды жинақтаған.

– Бұл сапардан да құр қол қайтпадық. Біздің қорымызға Жұмахан Төлебайұлы марқұмның 10-ға жуық араб және латын қарпінде жазылған өлеңдерінің қолжазбаларын келіні берді. Сонымен қатар, Абай Құнанбаевтың 1950 жылы жарық көрген ескі кітабы қолымызға тиді. Енді осы қолжазбаларды аударып, келер жылы кітап ретінде жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді музей басшысы.

Бұдан бөлек, тарихи жәдігерлерді іздеушілер Песчан ауылынан ерекше тарихи затты тапқанын айтады. Ол – 2 ғасырлық тарихы бар, атадан балаға мирас болып келе жатқан үлкен бір әулеттің құнды жәдігері.

– Бұл - 1890 жылы аталмыш ауылдан қажылыққа жаяу барған ақсақалдың Меккеге ұстап барған таяғы, таспиғы, қасиетті мекеннен алып келген 2 метр матасы мен көзі тесік сақинасы. Жаңағы сақинаның тесігінен қараса, Қағбаның суретін көруге болады. Өкінішке қарай, біз оларды ала алмадық. Себебі бұл – ұрпақтан- ұрпаққа мирас болып келе жатқан естелік. Алайда үй иесімен келісіп, Ораза айының алғашқы күндері облыс орталығында бір күндік көрме ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз,  – деді ол.

Жалпы, мәдени нысан болашақта ерекше жәдігерлер көрмесін ұйымдастыруды көздеп отыр. Онда Екібастұз қаласы, Тереңкөл мен Ақтоғай аудандарында сақталып тұрған қасиетті заттарды топтастыру көзделуде. Бұдан бөлек, музей аудандарды аралап, алыс-шалғайдағы ағайынға да құнды жәдігерлерді таныстырмақ.