Павлодардағы спорт мектебі: жас гимнасттарға зал жетіспейді

Павлодардағы спорт мектебі: жас гимнасттарға зал жетіспейді
Фото: Әсет Темірбаев

Мұнда мыңға жуық бала төрт спорт түрімен айналысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласындағы №1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 1956 жылдан бері жас спортшыларды тәрбиелеп келеді. Бүгінде мекемеде спорттық, көркем, батуттық гимнастика және жеңіл атлетика бағыттары жақсы дамыған. Алайда халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүрген ұжым үшін жаттығу залдарының тапшылығы мен білікті мамандардың жетіспеушілігі әлі де өзекті болып отыр.

Спорт мектебінің негізгі міндеті – дарынды балаларды анықтап, олардың қабілетін шыңдау және үлкен спортқа жол ашу. Бұл үшін заманауи инфрақұрылым мен кәсіби жаттықтырушылар құрамы қажет.

Мектеп әдіскері Анастасия Мучкинаның айтуынша, мекемеде 43 жаттықтырушы еңбек етеді. Олардың тоғызы жоғары, тағы тоғызы бірінші санатты маман. Ал 12 бапкердің әзірге санаты жоқ. Олардың басым бөлігі – еңбек жолын енді бастаған жастар.

– Негізгі мақсатымыз – дарынды балаларды анықтап, оларды спортқа жүйелі түрде тарту және жоғары нәтижелерге жетелеу. Гимнастикалық бағыттарға қабылдау 5-6 жастан басталады. Жыл сайын ниет білдірушілер көп болғанымен, барлығын бірдей қабылдай алмаймыз. Сондықтан арнайы нормативтер мен тестілеу арқылы іріктеу жүргізіледі, – деді әдіскер.

Қазір мектепте ең көп тәрбиеленуші батуттық гимнастика бөлімінде. Мұнда шамамен 300 бала шұғылданады. Көркем гимнастика мен жеңіл атлетиканың әрқайсысында 230-ға жуық спортшы бар. Ал спорттық гимнастикамен 200-ге жетпейтін жасөспірім айналысады.

Анастасия Мучкинаның сөзінше, мекемеде қыздарға арналған спорттық гимнастика бөлімі қайта жұмыс істей бастаған.

– Бұл бағытты дамыту үшін бөрене мен әртүрлі биіктіктегі сырықтар сатып алынды. Қазір қыздар бастапқы даярлық топтарында жаттығып, жарыстарға қатысып жүр. Дегенмен, бөлімнің әлеуетін арттыруға кәсіби жаттықтырушылардың тапшылығы кедергі келтіруде, – деді ол.

Әр спорт түрі арнайы жабдықталған орын мен тиісті жағдайды қажет етеді. Мәселен, көркем және батуттық гимнастикада төбенің биіктігі маңызды. Себебі спортшылар жаттығу кезінде түрлі құралдарды жоғары лақтырып, күрделі элементтер орындайды. Ал өңірде мұндай талаптарға толық сай келетін нысандар жеткіліксіз.

Жеңіл атлетика бөлімінде де осындай түйткіл бар. Облыста мамандандырылған манеж жоқ. Қолданыстағы «Юность» нысанының жабыны спортшылардың қауіпсіз әрі сапалы жаттығуына толық мүмкіндік бермейді.

Соған қарамастан, мектеп тәрбиеленушілері қалалық және облыстық жарыстармен шектелмей, республикалық, Азия және әлемдік додаларда да бақ сынап жүр.

Жас спортшылардың дайындығын жақсарту мақсатында материалдық-техникалық база да жаңартылып келеді. Соңғы уақытта батуттық және спорттық гимнастикаға қажетті құрал-жабдықтар алынған. Ал жеңіл атлеттер кәсіби аяқкиіммен және арнайы спорттық киіммен қамтамасыз етілген.

Мектеп әдіскерінің мәліметінше, биыл жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға шамамен 62 миллион теңге жұмсалған. Бұдан бөлек, ғимаратты жөндеуге, спорттық жабдықтар мен экипировка сатып алуға қаражат қарастырылған.

– Тәрбиеленушілеріміз 18 жасқа дейін осында жаттыға алады. Жоғары нәтижеге қол жеткізген спортшылар кейін олимпиадалық даярлау орталықтарына жолдама алады. Осылайша, балалар спорт мектебінде басталған жол кәсіби спортқа ұласады, – деді Анастасия Мучкина.

Айта кетейік, алдағы уақытта павлодарлық спортшылар Қазақстан чемпионаттарына және жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Азия жарыстарына қатысуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, 2028 жылғы Олимпиада ойындарына дайындық жалғасады.