Павлодарда Ілияс Жансүгіров оқуларының жеңімпаздары анықталды

Павлодарда Ілияс Жансүгіров оқуларының жеңімпаздары анықталды

Оқушылар ақынның өлеңдерін жатқа айтып, мәнерлеп оқыды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласы білім беру бөлімінің мәліметінше, қазақ ақыны, жазушы, журналист, қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Ілияс Жансүгіровтің оқулары аяқталды. Шараны «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығы өткізді. 

«Ілияс – қазақ поэзиясының ақыны» бағытындағы қатысушылар ақынның бір өлеңін мәнерлеп орындады, ал «Ұлы адамға арналған» бағыты бойынша қазылар алқасы ұсынған өлеңдерін жатқа оқыды.  «Ілияс – сөз шебері» бағытында жазушының прозалық немесе драмалық шығармаларынан үзінділері  жатқа айтылды.  

– Байқауға қаланың 25 жалпы білім беретін мектебінің 8-11- сыныптардың 41 оқушысы қатысты. Байқау қорытындысы бойынша 22 қатысушы жүлделі орындарға ие болды, – деді қалалық білім беру бөлімінде.  

«Ілияс – қазақ поэзиясының ақыны» номинациясы бойынша бірінші орынды № 30 мектептің 10-сынып оқушысы Толғанай Ақтай иеленді. Ол мәнерлеп «Күй» поэмасын жатқа оқыды. Ал «Ұлы адамға арналған» номинациясында № 17 мектептің 10-сынып оқушысы Әмірхан Туғанбай үздік атанды. Ол «Ілиясқа арна», «Халыққа жүрегім», «Алаштың арыс ұлдары» атты өлеңдерін оқыды.

«Ілияс – сөз шебері» номинациясы бойынша екінші орынды № 2 мектептің 9-сынып оқушысы Толғанай Қанағатқызы иеленді. Ол «Байсараның өтірігі» әңгімесін, «Ол бекер болды»  прозасын мәнерлеп оқып шықты. 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен марапатталды. Енді олар қарашада өтетін облыстық оқуларға қатысады.