Павлодарда құқықтық тәртіпті нығайтуда қоғамдық көмекшілердің үлесі зор
Өңірде қоғамдық тәртіпті сақтауға 700-ден астам ерікті атсалысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдармен бірлескен жұмыс жүргізуде. Қылмыспен күрес пен құқық бұзушылықтардың алдын алуда бүгінгі таңда саны 703 адамды құрайтын қоғамдық құрылым өкілдері полицияға елеулі қолдау көрсетіп келеді.
– Азаматтық жауапкершілігі жоғары тұрғындар құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қылмысқа қарсы күресте полицияға баға жетпес көмек көрсетуде. Көпжылдық тәжірибе қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу міндеттерін халықпен тығыз ынтымақтастықта ғана тиімді жүзеге асыруға болатынын дәлелдеп отыр, – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Малик Оңғарбаев.
Ағымдағы жылдың 6 айында полицияның қоғамдық көмекшілерінің қатысуымен әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 123 тұлға анықталып, ұсталды.
Азаматтарды ынталандыру және құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, жолын кесу және ашуға белсенді атсалысқан қоғамдық тәртіп сақшыларын көтермелеу мақсатында облыстық бюджеттен 10 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.
Бүгінгі таңда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны үшін 201 қоғамдық полиция көмекшісі жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам ақшалай сыйақымен марапатталды.
– Азаматтардың белсенді азаматтық ұстанымы, тұрғындардың қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне бейжай қарамауы және құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмысы өңірдегі құқықтық тәртіп деңгейін және тұрғындардың қауіпсіздігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті спикер.
Айта кетелік, құқық бұзушылықтардың алдын алу, полиция органдарының іздестіру іс-шараларын жүргізуіне жәрдемдесу, қылмыстарды ашуға қатысу, құқықтық көмек көрсету және өзге де іс-шараларға қолдау көрсету мақсатында 428 ерікті мен 35 ақсақал белсенді қызмет атқаруда.