Асайын Байханов: Жұмысшы мамандарға тек марапат емес, сыйақы беру керек

Асайын Байханов:  Жұмысшы мамандарға тек марапат емес,  сыйақы беру керек
Фото: Константин Шелков

Оларға құрмет көрсетуден басқа, сыйлық немесе қаржы түрінде қолдау көрсетілуі тиіс, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақ басшысы Асайын Байханов облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста осындай міндет қойды. 

Облыстық барлық ірі кәсіпорындарында Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу бойынша өз жоспарлары бекітілген

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Людмила Құрманованың айтуынша, биылғы жылы әрбір кәсіпорында ашық есік күндері өтеді. Сол сияқты жұмысшы мамандықтарын танымал ету үшін колледждер мен мектептердегі білім беру нысандарына жұмысшы мамандықтары өкілдерінің сапарлары жоспарлануда.

– Кәсіби мерекелер аясында еңбек әулеттері мен еңбек қызметкерлеріне құрмет көрсетіледі. Біз барлық ірі кәсіпорындар мен орта кәсіпорындардан толық ақпарат жинадық және бүгінгі күні 120-дан астам еңбек әулеті бойынша деректер бар. Сонымен қатар, дәстүрлі түрде кәсіпорындарда барлығы дерлік жұмысшы мамандықтары бойынша кәсіби шеберлік конкурстары өткізіледі, – деді Людмила Құрманова.

Бұл ретте, облыс әкімі Асайын Байханов мұнда ескеру қажет өте маңызды аспект бар екенін  атап өтті.  

– Мен ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшыларымен сөйлестім. Жұмысшылар сыйластық тануты мен құрмет қағаздарынан басқа, материалдық жағынан да сүйемелденуі керек. Әрбір кәсіпорын өз еркімен шешеді. Бұған дейін ең үздік металлургтерге автокөлік сыйлағандай сыйлықтар болу керек. Сонымен қатар, тағы бір аспект – тұрғын үймен қамтамасыз ету, яғни ипотека. Қазір орталық мемлекеттік органдар мен Үкімет деңгейінде ресми бағдарлама әзірленуде. Жақын арада бізге жеткізіледі. Біз жұмыс істейтін жұмысшы мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша өңірлік бағдарламаларды жеке іске қоса алатын ірі кәсіпорындарды ұмытпауымыз керек, – деді облыс әкімі. 

Ол өңірде 86 өнеркәсіптік кәсіпорын бар екенін және онда 403 мың экономикалық белсенді халықтың 100 мыңнан астамы жұмыс істейтінін атап өтті.  Бұл – халықтың кем дегенде төрттен бір бөлігі.