Нью-Йорк АҚШ-та эвтаназияға рұқсат берген он төртінші штат атанды
АҚШ-тың Нью-Йорк штатында айықпас дертке шалдыққан науқастарға эвтаназия жасауға ресми түрде рұқсат берілді. Бұл туралы Kazinform Белтаға сілтеме жасап хабарлайды.
Губернатор Кэти Хокул тиісті заңға қол қойды. Құжат өмір сүру ұзақтығы алты айдан аспайды деп болжанған науқастарға қатысты қолданылады
Заңға сәйкес, айықпас диагнозы расталған, 18 жасқа толған, ақыл-есі дұрыс әрі дәрігер тағайындаған препаратты өз бетінше қабылдай алатын Нью-Йорк тұрғындары өмірден өз еркімен кетуге арналған арнайы дәрі-дәрмекті алуға өтініш бере алады.
Құжатта бұл құқықты пайдалану үшін қатаң талаптар белгіленген. Атап айтқанда, өтініш беруші Нью-Йорк штатында тұрақты тұруы және психикалық жағдайына қатысты арнайы тексеруден өтуі қажет.
Басылымның жазуынша, бұл АҚШ-та эвтаназияға қатысты қабылданған ең қатаң заңдардың бірі саналады.
Заң күшіне енгеннен кейін Нью-Йорк эвтаназияны заңдастырған АҚШ-тың 14-штаты болды.