«Ертіс орманындағы» өрт жедел сөндірілді
Тілсіз жау Борабай орманшылығы аумағында анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты мәлімдеді.
6 тамыз күні резерваттың Шалдай филиалының Борабай орманшылығы аумағында авиациялық патрульдеу барысында орман өрті анықталды.
— Өрт төменгі деңгейде яғни қарқындылықтығы әлсіз болды. Тұтану себебі – найзағай разряды. Орман күзеті қызметкерлерінің жедел әрекет етуінің нәтижесінде жалын дер кезінде сөндірілді. Өрт шалған орманмен көмкерілген аумақтың көлемі 0,0006 гектарды құрады, - делінген хабарламада.
«Ертіс орманы» МТОР РММ орман қорын сақтауда өрттерді дер кезінде анықтау мен жедел әрекет етудің маңыздылығын еске салады.