Павлодар ауданында ашылған спорт алаңында алғашқы достық кездесуі өтті

Павлодар ауданында ашылған спорт алаңында алғашқы достық кездесуі өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұрын мүлдем спорт алаңы болмаған Жертұмсық ауылында бой көтерген шағын футбол алаңы жуырда қолданысқа берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жоба былтыр аудан әкімі Дидар Ибраевтың ауыл тұрғындарымен кездесуі барысында көтерілген болатын. Онда ауыл тұрғындары балаларға арналған спорт алаңын салу жөнінде өтініш білдіріп, аудан әкімі бұл ұсынысты қолдап, кейін ауылдық округ әкімдігі жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, жоба биылғы жылдың бюджетіне енген. Осылайша, Жертұмсықта балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған алғашқы спорт нысаны бой көтерді. 

Шағын футбол алаңының құрылысына 32 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Промжилстройкомплекс» ЖШС жүргізді.

Жуырда жаңа спорт нысанындағы жұмыстар толық аяқталып, онда балалар арасында алғашқы достық кездесу ұйымдастырылды. Жертұмсықтық жас футболшылар көп күтпей-ақ теңбіл доптың тартысты бәсекесін бастап кетті.

Заря ауылдық округіне қарасты Жертұмсық ауылында өткен кездесуге Жертұмсық және Бірлік ауылдарының жас футболшылары қатысты. Пенальтиде мергендік танытқан алаң иесінің командасы жеңіске жетіп, достық кездесудің жеңімпазы атанды.

Жаңа шағын футбол алаңының салынуы – ауыл балалары үшін көптен күткен маңызды сәттің бірі.