Павлодардың Jeñimpaz орталығы үстел теннисіне жаңа серпін берді

Павлодардың Jeñimpaz орталығы үстел теннисіне жаңа серпін берді
Фото: Захар Шишко

Ардагерлер үшін жаттығу тегін өткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда 2021 жылы Jeñimpaz үстел теннисі орталығының ашылуы өңірде осы спорт түрінің дамуына жаңа серпін берді. Бүгінде орталықта әртүрлі жастағы және дайындық деңгейіндегі спортшылар мен әуесқойларға арналған 20 үстел бар.

- Бұрын әркім әр жерде жаттығатын. Көпшілік «Баянтауда» айналысты, бірақ ол жерде тар болды. Қазір орталықтың ашылғанына қуаныштымыз. Мұнда үстел теннисімен айналысуға барлық жағдай жасалған, 20 үстел бар, спортшыларға өте қолайлы, — деді спорт нысанының басшысы Бибарс Есеев.

Оның айтуынша, бүгінде орталықта 600-ден астам адам тұрақты түрде жаттығады. Мұнда балалар-жасөспірімдер спорт мектептері мен олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері, үстел теннисі клубының спортшылары, мүмкіндігі шектеулі жандар жаттығады. Сонымен қатар сауықтыру топтары мен ардагерлерге арналған топтар жұмыс істейді. Ардагерлер үшін жаттығу тегін өткізіледі.

СШИКОР мен үстел теннисі клубының тәрбиеленушілері Қазақстан чемпионаттарына тұрақты түрде қатысады. 2026 жылдың өзінде павлодарлық спортшылар түрлі дәрежедегі 15 медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек, орталықтың 10-12 спортшысы тұрақты түрде Қазақстан құрамасының сапына енеді.

Jeñimpaz орталығы түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған маңызды алаңға да айналды. Мұнда қалалық, облыстық және республикалық турнирлермен қатар халықаралық жарыстар да ұйымдастырылады. 2026 жылы орталық базасында Еуразиялық лиганың жарыстары және үстел теннисінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.

Үстел теннисімен ақылы негізде айналысқысы келетіндер олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің көмегіне жүгініп, жеке келісімшарт жасай алады. Бір реттік жаттығуға немесе абонементке тапсырыс беру үшін Павлодар қаласы, Бұхар жырау көшесі, 9/2 мекенжайына баруға болады.

Осылайша, бес жылға жуық уақыт ішінде Jeñimpaz орталығы кәсіби спортшыларға арналған жаттығу базасымен қатар, балалар, ересектер, ардагерлер және мүмкіндігі шектеулі жандар үстел теннисімен тұрақты айналыса алатын орталыққа айналды.