Павлодарда «Таза қала – елдің байлығы» экологиялық рейді өтті
Экологиялық рейдке 30-дан астам адам қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында «Таза қала – елдің байлығы» атты экологиялық рейд ұйымдастырылды. Шара Павлодар облыстық «Жасыл ел» штабының мұрындық болуымен іске асты.
Акцияға қатысушылар Усолка шағын ауданының жағалау аумағы мен бөгеттің ішкі бөлігін қоқыстан тазартты. Экологиялық рейдке 30-дан астам адам қатысты. Олардың қатарында еріктілер, аға буын өкілдері және ішкі істер министрлігінің кадеттері болды.
Тазалық жұмыстары барысында қоқысты пластик, шыны және аралас қалдықтар ретінде сұрыптап жинады. Нәтижесінде қатысушылар барлығы 30 қап қоқыс шығарды.
Павлодар облыстық «Жасыл ел» штабының менеджері Айгерім Түсіпбекованың айтуынша, мұндай акциялар тұрғындардың қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілік көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.
– Менің ойымша, біз, жастар, жер-ана бізден көп нәрсе сұрамайтынын түсінуіміз керек. Оған тек құрмет пен қамқорлық қажет. Болашақ ұрпаққа қандай әлем қалдыратынымыз күн сайынғы іс-әрекетімізге байланысты. Тазалық әрқайсымыздың жеке басымыздан басталады. Яғни, әр адамның ойында табиғатқа жанашырлық, экологиялық жауапкершілік және игі істер жасауға деген ұмтылыс болса жетеді, – деді Айгерім Түсіпбекова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, экологиялық бастамалар – бұл тек аумақты тазалау ғана емес, сонымен қатар, табиғатқа жанашырлықпен қараудың маңызын жеке үлгі арқылы насихаттаудың тиімді жолы.
Акцияға қатысушылар павлодарлықтарды игі істен шет қалмай, қаланың және қоршаған ортаның тазалығын сақтауға өз үлестерін қосуға шақырды.