Ертіс ауданының шалғай ауылдарында медициналық қызмет көрсетіледі
Ауылдарға мамандар арнайы барып, кеңес береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданындағы шалғай елді мекендердегі халыққа медициналық көмек көрсету үшін жылжымалы кешен жұмысын бастайды. Осы арқылы азаматтар аудан орталығына бармай-ақ, өз ауылында қажетті қызметтерді ала алады.
Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылуда.
Жылжымалы кешен 10-24 тамыз аралығында аудан аумағында қызмет көрсетеді. Оның жұмысы барысында азаматтар бейінді дәрігерлердің кеңесін алып, профилактикалық тексеруден өте алады.
Бұдан бөлек, қажетті диагностикалық шаралар жүргізіліп, тиісті медициналық көмек ұсынылады.
– Жылжымалы кешен шалғай ауылдардағы халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Азаматтар қажетті тексерулерден өтіп, мамандардың кеңесін өз елді мекеніне жақын жерден ала алады, – дейді мамандар.
Ақ желеңділер тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және көшпелі кешеннің мүмкіндігін пайдаланып, профилактикалық тексеруден өтуге шақырады.