«Ертіс» төрт айға созылған жеңіссіз сериясын тоқтатты

«Ертіс» төрт айға созылған жеңіссіз сериясын тоқтатты
Фото: «Ертіс» ФК

Премьер-лиганың 19-турында павлодарлық команда сырт алаңда «Ұлытауды» жеңді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардың «Ертісі» ақыры жанкүйерлерін қуантты. Қазақстан Премьер-лигасының 19-туры аясында сырт алаңда жезқазғандық «Ұлытауды» 2:1 есебімен жеңген «ақ-көктер» биылғы маусымдағы небәрі екінші жеңісіне қол жеткізіп, соңғы төрт айдағы жеңіссіз сериясын үзді.

Маңызды нәтижеге қарамастан, матчтың сапасы жоғары деңгейде болған жоқ. Екі команда да жиі қателесіп, ойын мазмұны көңіл көншітпеді. Алаң иелері қарсыластың әлсіз тұстарын пайдалана алмай, күткеннен әлдеқайда бәсең ойын көрсетті.

Кездесудегі негізгі оқиғалардың барлығы алғашқы таймда өтті. Алдымен Марко Евтич есеп ашып, «Ертісті» алға шығарды. Алайда павлодарлықтардың басымдығы ұзаққа созылмады. Дэвид Онане алыстан дәл соққы жасап, таразы басын теңестірді. Бұл сәтте команданың жаңа қақпашысы Богдан Сарнавский де өз ұжымын құтқара алмады.

Үзіліске аз уақыт қалғанда шешуші сәт орын алды. Сағи Малиқайдардың сапалы пасынан кейін Жан-Морель По әуедегі тартыста басым түсіп, баспен қақпаға дәл соққы жасады. Доп берілген сәтте шабуылшы офсайдта тұрғандай көрінгенімен, төрешілер ереже бұзушылықты тіркемей, голды есепке алды. Кейін дәл осы гол жеңіс голына айналды — 2:1.

Көптен күткен жеңіске қарамастан, «Ертістің» турнирлік жағдайы әзірге күрделі күйінде қалып отыр. Команда әлі де турнир кестесінің соңғы сатысында тұр, бірақ енді оның еншісінде 14 ұпай бар. «Алтаймен» арадағы айырмашылық екі ұпайға дейін қысқарса, құтқарушы 14-орыннан төрт ұпай ғана бөліп тұр. Бұл павлодарлықтардың Премьер-лигада қалу үшін күресті жалғастыруына мүмкіндік береді.

Келесі кездесуін «Ертіс» 1 тамыз күні өткізеді. Павлодарлықтар өз алаңында ақтаулық «Каспийді» қабылдайды. Бұл матч команданың турнир кестесінің соңғы орнынан көтерілу жолындағы маңызды қадамдарының бірі болуы мүмкін.

Ал турдың орталық матчында алматылық «Қайрат» «Ордабасыны» сенімді түрде жеңді. Рафаэль Оразбахтиннің командасы қарсыласынан ойын жағынан да, тактикалық тұрғыдан да басым түсіп, бапкер Андрей Мартинді жаттықтырушылар текетіресінде ұтты. Осы жеңістің арқасында алматылық клуб Қазақстан чемпионатының көш басына қайта көтерілді.