Павлодарда құтқарушылар суға батып бара жатқан жасөспірімді құтқарып қалды
16 жастағы жасөспірім рұқсат етілмеген жерге шомылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
— Бүгін яғни 11 тамыз күні Ертіс өзенінің Усолка шағын ауданында рейдтік іс-шаралар барысында төтенше жадайлар министрлігінің құтқарушылары суға батып бара жатқан адамды байқап қалды.Құтқарушылар жүзу құралымен оған жедел жақындап, 2010 жылы туған жасөспірімді судан алып шықты, - делінген хабарламада.
Жасөспірім суға түсуге арналмаған жерде шомылып, өз күшін дұрыс есептей алмай, суға бата бастаған. Төтеншеліктердің қырағылығының арқасында бала жылдам құтқарылып, оған медициналық көмек қажет болмады. Жасөспірім құтқару станциясына жеткізілді.
Мамандар арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылу қауіпті екенін еске салады.
Еске сала кетейік, 11 тамызда таңертең Павлодар қаласының орталық жағалауында ТЖД құтқарушылары суға түсіп, кейін батып кеткен ер адамды іздестіру жұмыстарын бастады.
Оқиға орнында Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жұмыс істеуде. Іздестіру жұмыстарына 8 құтқарушы, 3 жүзу құралы және эхолот тартылды. Мамандар Ертіс өзенінің акваториясын тексеруде.
Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда.