Павлодарда демалыс күндері бірнеше жол апатынан 10 адам жарақат алды
Зардап шеккендердің арасында балалар да бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өткен демалыс күндері Павлодардың 103 қызметі бірнеше ірі жол-көлік оқиғасына барды.
103 қызметі барған екі жол-көлік оқиғасының әрқайсысында бес адамнан зардап шекті. Бірінші апат Павлодардың орталық өнеркәсіптік аймағында орын алды. Екі автокөлік соқтығысқаннан кейін 23 жастағы жігітке және 2005, 2007, 2008, 2009 жылы туған төрт бойжеткенге медициналық көмек қажет болды. Алғашқы үш адам Г.Сұлтанов атындағы облыстық клиникалық ауруханаға, ал қалған екеуі облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Екінші көлік соқтығысы Аққулы ауданындағы трассада, Жамбыл ауылының маңында тіркелді. Апатқа 1983 және 1990 жылы туған әйелдер, 1995 жылы туған ер адам және 10 мен 15 жастағы екі ұл бала тап болды. Барлығы Аққулы аудандық ауруханасына жеткізілді.
- Мұндай жағдайлардың артында өте ауыр жарақаттар, ұзақ оңалту кезеңі, ал кейде, әсіресе, жол-көлік оқиғасына бірден бірнеше адам түскенде, өмірге төнетін қауіп тұруы мүмкін, - дейді Павлодар облыстық жедел медициналық көмек станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. - Залалдың ауырлығы көбінесе қарапайым ережелерді сақтамаудан болады. Яғни жылдамдықты асыру, қауіпсіздік белдігін тақпау немесе жай ғана зейінсіздік. Біз барлық жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жылдамдық режимін сақтауға және барынша мұқият болуға шақырамыз. Жолдағы бір секундтық асығыстық өзіңіздің және айналаңыздағылардың денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін ұмытпаңыздар.
Бұдан бөлек, Павлодарда жедел жәрдем екі рет самокаттан құлау оқиғасы бойынша көмекке аттанды. Бірінші жағдай Лермонтов көшесінде болды. 1992 жылы туған ер адам тізе және иық буындарының соғылу жарақатын алып, №1 Павлодар қалалық ауруханасына жеткізілді. «Зеленая роща» базасының маңында самокаттан құлаған 1968 жылы туған ер адам да аталмыш емханаға жеткізілді. Ол маңдай және иық буыны аймағынан жарақат алған.